Қазақстандағы ірі бизнестің 2010 жылғы рейтингі ел экономикасының дағдарыстың терең фа­за­сынан шыққанын дәлелдейді

None
None
АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Эксперт Қазақстан» рейтинг агенттігінің бағалауы бойынша Қазақстандағы ірі бизнестің 2010 жылғы рейтингі ел экономикасының дағдарыстың терең фа­за­сынан шыққанын дәлелдейді. Бұл туралы «Эксперт-100- Қазақстан» жобасы шеңберінде өтіп жатқан ІІІ экономикалық форум барысында мәлім болды.

Таратылған мәліметтерге қарағанда аталмыш рей­тингке қатысушы компаниялардың жи­нақ­талған табысы 13 трлн. теңгеден асқан. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 25 пайыз­ға, 2007 жылмен салыстырғанда 50 пайызға артық көрсеткіш. Мұндай өсім қарқыны «Әлем­нің ең қауырт дамыған экономикасы» дәрежесін иемденуге мүмкіндік береді. Ernst&Young мәліметінше, осы дәрежені иемденуші мемлекеттер арасында бірінші орында - Қатар, екінші орында - Қытай, үшінші орында Қазақстан тұр. Ал өзімізде ұлттық экономиканың көш­бас­шысы ретінде «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қоры деп танылды. Оның табы­сы өткен жылы 3,6 трлн теңгені құ­ра­ды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,9 пайызға көп. Сонымен қатар алғашқы он­дық биыл «АрселорМиттал Теміртау» АҚ (8- орын) және «Қазмырыш» ЖШС (10-орын) сияқты алыптармен толықты. Экономиканың өзегі саналатын өнер­кәсіп компаниялары өткен жылы өз та­бы­сын 37,3 пайызға ұлғайтқан. Деген­мен өсім­нің басты драйверлері деп өнер­кәсіптің өндіруші саласын айту керек. Әл­бет­те, оған әлемдік нарықтағы мұнай мен металдар бағасының өсуі әсер еткені анық. Рейтингтегі барлық компаниялардың жиын­тық табысының шамамен 71 пайызы мұнай және тау-кен металлургия компа­ния­лары үлесінде. Мұнайшылардың та­бысы 34 пайызға өсті. Елімізде өндірілетін бүкіл «қара алтын» көлемінің жартысынан көбі «Теңізшевройл» мен «Қазмұнайгаз» ҰК еншісінде. Әрі олардың үлесі жыл санап өсіп келеді. Ал тау-кен металлургия ком­па­ниялары өз табысын былтыр 47,7 пайызға арттырды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі табыс көлемі өткен жылы - 26,6 пайызға, көлік - 24,3, телекоммуникация 16,1 пайыз­ға артты. Әзірге есін жинай алмай отырған құрылыс саласы. Былтырғы жылы құрылыс компанияларының табысы 11,4 пайызға төмендеген. 2007 жылдан бері осы құрылыс саласына байланған ірі банктердің де табысы айтарлықтай төмен­дегені белгілі. Алайда бұл жағдай екінші деңгейлі банктердің көтерілуіне мүмкіндік берді. Бүгінгі күні олар тұрақты өсімін сақтап отыр. Соңғы төрт жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің қаржы жүйесіндегі үлесі 8 пайыздан 15 пайызға өскен.

Соңғы жаңалықтар