Қазақстандағы халықтың 30 пайызы шылым шегеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан рестораторлары әуежайлар мен вокзалдарда, демалу орындарында шылым шегуге арналған арнайы орындарды алып тастау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рестораторлардың хабарлауынша, қазіргі уақытта елімізде «Ұлт денсаулығы туралы» кодекске енгізілетін өзгерістер қаралуда. Қауымдастық осы кодексте бір топ азаматтардың құқығын шектейтін, ШОБ-тың ісін қиындататын бірқатар шаралар барын алға тартады.

«Ресейде осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамдық орындар мен әуежайларда жаппай шылым шегуге тыйым салынған еді. Мұның бәрі мәселені шешкен жоқ. Ақыры, ондағы Мемлекеттік дума депутаттары мен қоғамдық ұйымдар Ресейде енгізілген осы өзгерістерді алып тастау мәселесін қайта қарастырып жатыр. Біздің қауымдастықтың шылым шегу үшін арнайы орын бөлуге тыйым салу мәселесіне қатысты нақты қағидаты бар - бұл өзгерістер Қазақстандағы шылым шегушілердің құқығын бұзып отыр», - дейді Қазақстан рестораторлары ұлттық қауымдастығының президенті Игорь Копайлов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Игорь Копайловтың айтуына қарағанда, Қазақстандағы халықтың 30 пайызы темекі шегеді.

«Өзім темекі шекпеймін де, жанымда біреу шегіп тұрса - ұнатпаймын. Десе де, азаматтардың осы санатының құқығы мен қажеттілігін құрметтеу керек. Осыған байланысты 2014 жылы «Ұлт денсаулығы туралы» заңға өзгерістер енгізу бастамасын көтерген болатынбыз. Ол заң арнайы шылым шегуге арналған орын, демалу орындарында арнайы шылым шегу кабиналарын орнату мәселесін реттейді. Заң сәтті қабылданып, Парламент мүшелері мақұлдап, арнайы кабиналардың болуы - бәрінің де құқығына қайшы келмейтінін айтқан болатын. Осымен мәселе шешілгендей болған еді», - дейді ол.

Қауымдастық басшысы қазіргі уақытта қоғамда осы мәселе қайта көтеріліп отырғанын айтады.

«Ойлап қараңыз, қыста 40 градус суықта кеңседе қызмет ететін қызметші қайта-қайта сыртқа шығып, шылым шегуі керек пе? Ал әлгі қызметші 40-шы қабатта жұмыс істесе қайтеміз - ол сәт сайын төменге түсуі тиіс пе? Олай болса, әлгі азаматтың денсаулығына да ақау келуі мүмкін. Сол себепті, бұл шара бізге өте түсініксіз», - дейді Игорь Копайлов.

Соңғы жаңалықтар