Қазақстандағы газ саласы қалай дамып жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның мұнай-газ саласы - еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін айқындайтын жетекші салалардың бірі. Елде газға деген сұраныс жыл санап өсіп келеді. Сарапшылардың пайымынша, 2030 жылға қарай газ өндірісі 6,7 млрд текше метрге ұлғаяды. Қазір елдегі газдандыру деңгейі 58 пайызды құрап тұр. Осы орайда, газ саласын дамыту бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Газ тапшылығы мәселесін жою үшін қандай шаралар қолға алынады? Сондай-ақ өңірлерді газдандыру жұмыстары қалай жүргізілуде? Міне, осы сауалдар төңірегінде жауап іздеп көрген едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Газ қорлары бойынша Қазақстан 22-орында

Қазақстанның газ саласы – отандық экономикада қарқынды өсіп келе жатқан салалардың бірі. Газ өндіру көлемі артып, газ құбырларының желісі кеңейіп келеді. Газ қорлары бойынша Қазақстан әлемде 22-орында, ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі 3-орында тұр.

Қазақстанның табиғи газ қорларының 98%-ы елдің батыс бөлігінде орналасқан. Атап айтсақ, газ өндірудің 90%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол кен орындары қамтамасыз етеді. Энергетика министрлігінің дерегінше, 2021 жылы газ өндіру 53,8 млрд текше метрді құраса, ал 2022 жылға жоспар — 54,5 млрд текше метрді құрамақ. Бұл 1991 жылғы газ өндіру деңгейінен 7 есеге жоғары. Тауарлық газды өндіру 29,4 млрд текше метрді құрады, ал 2022 жылға арналған жоспар – 29,6 млрд текше метр.

Жалпы республика бойынша 79 газ өндіруші компания бар, олар газбен ішкі нарықты және экспорттың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

Газдың қолжетімділігі ретингінде 1-орында

РИА Rating сарапшыларының мәліметінше, халық үшін газдың қолжетімділігі бойынша рейтингте Қазақстан әлем елдерінің арасында бірінші орында тұр.

«Мұнда орта деңгейлі тұрғын өзінің орташа айлық жалақысына 8,6 мың текше мерт газ сатып ала алады. Қазақстанда жалақы жоғары емес, дегенмен рейтингтегі өзге елдермен салыстырғанда газ бағасы арзан. Екінші орында – Ресей, мұнда әр тұрғын 7,4 мың текше метр газ сатып ала алады»,- делінген жазбада.

Ұлыбритания, Люксембург пен Аустрия алғашқы бестіктің қатарында. Бұл елдердің азаматтары жалақыларына 3,9 мыңнан аса текше метр газ ала алады. Ал рейтинг соңына Молдова елі жайғасқан. Орташа табысқа тұрғындар тек 858 текше метр газ сатып ала алады. Бұл Қазақстанмен салыстырғанда 10 есеге аз.

Ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 35%-ға өсті

Мамыр айында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов елімізде 1700-ден астам елдімекен немесе 11 миллионнан астам қазақстандық табиғи газбен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.

«Әлемдік талдау энергия көздерінің басқа түрлерін өндіру мен тұтынуға қарағанда газ өнеркәсібі озық қарқынмен дамып жатқанын көрсетіп отыр. Қазақстанда да дәл осындай жағдай. Мәселен, 2017 жылы еліміз шамамен 14 млрд текше метр газ тұтынса, 2021 жылы оның көлемі 19 млрд текше метрге жақындады. Өткен жылдың өзінде ғана 3600-ден астам өнеркәсіптік нысан газға көшірілді», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Нәтижесінде соңғы 5 жылда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 35%-ға өскен. Ал тұтыну көлемі 20 млрд текше метрге дейін артады деп болжанған.

«Газдандырылған елдімекендердің жалпы саны 1700-ден асады. Осылайша, 11 млн-нан астам қазақстандық табиғи газға қол жеткізді. Бұл тұрақты өсім көрсетіп отырған газ саласының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алатынын көрсетеді», - деді Әлихан Смайылов.

Өңірлерді газдандыру жұмысы

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліетінше, биыл ел өңірлерін газдандыру жұмысына 95 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалатынын және оның 50,1 млрд теңгесі бюджетті нақтылау аясында қосымша бөлініп отырғанын мәлімдеді.

«Ішкі газ тұтынудың күрт өсуіне және елді одан әрі үздіксіз газдандыру үшін газ тасымалдау жүйесін жаңғырту қажеттілігіне байланысты министрлік «QazaqGaz ҰК» бірлесіп газдандырудың бас схемасын жаңартып жатыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 68 мың адамды газбен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Жыл соңында 165,9 мың адам газға қол жеткізді», - деді Болат Ақшолақов.

Оның сөзінше, 2025 жылға дейін бюджет есебінен 246 ауылды газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Әзірге, сол жоспар аясында 187 елдімекенді газдандыруға қаражат бөлінген.

«Биыл елді газдандыруға республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша 50,1 млрд теңге қолдау тапты. Нәтижесінде, 133 жобаны іске асыруға 96 млрд теңге қарастырылған. Бұл 146 мың адамды немесе 93 елдімекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша газдандырудың жоспарланған деңгейі 58,43%-ды құрауы керек», - деді министр.

«2025 жылға қарай елімізде газ тапшылығы болуы мүмкін»

«Газ саласын дамыту перспективалары» тақырыбындағы Үкімет сағатында Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2025 жылға қарай елімізде отандық газ тапшылығы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның дерегінше, газ тұтыну өсімі шамамен 35% немесе жыл сайын орта есеппен 7%-ды құраған.

«Елдегі газ саласын дамытудың негізгі тежеуші факторы – бағаны тежеу саясаты. Осыған байланысты 2025 жылға қарай отандық газдың тапшылығы және импорттық ресурстарға тәуелділік туындауы мүмкін. Болашақта тауарлық газдың негізгі өндірушілері Қашаған, Қарашығанақ, Теңізшевройл болып қалады. Оларға тауарлық газ ресурстарының жалпы көлемінің 64%-ы тиесілі», - деп түсіндірді министр.

Сұйытылған газға шекті баға белгіленді

Қазақстанда жанармай құю бекеттерінде көліктерге арналған сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеуі енгізілді. Жанармай бағасы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жариялаған «Қазақстан Республикасының аумағында автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы» бұйрықта көрсетілген. Құжатқа сәйкес, жанармай құю станцияларында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары аймаққа байланысты литріне 50 теңгеден 75 теңгеге дейін бектілген:

- Нұр-Сұлтан – литріне 70 теңге;

- Алматы – литріне 65 теңге;

- Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында литріне 50-55 теңге;

- Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарында литріне 70-75 теңге;

- Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарында литрі 60-65 теңгеден.

Бұйрық 2022 жылғы 6 шілдеден 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін жарамды. Белгіленген шекті бағадан асып кеткен жағдайда жанар-жағармай құю станцияларына ұйғарым беріліп, орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Газ саласын дамытудың кешенді жоспары

Үкімет еліміздің газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ке­шенді жоспарын бекітті. Кешенді жоспар Қазақстан Республикасының 2030 жыл­ға дейінгі мерзімге арналған газ саласын кезең-кезеңімен рефор­ма­лау мен кешенді дамытудың пайымы және негізгі тәсілдерін айқындайды. «QazaqGaz ҰК» АҚ тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту, ішкі газ нарығын, газ транзиті мен экс­портын, газ химиясы мен терең өңдеуді дамыту, инвестициялық және операциялық тиімділікті арттыру жөніндегі жұмыстарды қамтитын Кешенді жоспарды жүзеге асыруға қатысады.

Біріншіден, газ барлау және өндіру секторындағы теңгерімделген активтер портфелін қалыптастыру мен ірі жобалар үшін және жер қойнауын іске асыру құқығын алу үшін «QazaqGaz» ұлттық компания мәртебесін пайдаланады. «QazaqGaz» қолданыстағы газ өңдеу зауыттарының қуаттын жүктеуді қамтамасыз ету үшін газ өңдеу жобаларындағы рөлін күшейтеді. Бұдан басқа ресурстық базаны кеңейту мақсатында ұлттық оператор мүдделі органдардың бекітуіне ынталандыру шараларының кешенін ұсынды. Газ өндіру бойынша неғұрлым дайын жобаларды іске қосу және газды өңдеу көлемдерінің ұлғаюы есебінен 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісін +15 млрд текше метрге өсіруге болады.

Екіншіден, ұлттық оператор тауарлық газ ресурсының тапшылығы және ішкі нарықтағы тиімсіз баға жағдайында «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының заңына әлеуметтік әділетті баға реформасы бойынша кешенді ұсыныстар жасап, нарықтық бағамен тауарлық газды сатып алуға дайын тұт­нушылар санаттарының тізбесін кеңейту қажет деп тапты. Ішкі нарықты дамыту үшін компания 2030 жылға қарай газдандыру деңгейін 65%-ға дейін ұлғайтып, шығынсыздыққа қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Тәуелсіз газ тарату ұйымдарының жеке инвестицияларын тарту арқылы Қазақстан Республикасын газдандырудың Бас схемасын іске асыру жұмыстары жалғасатын болады.

Үшіншіден, газ тасымалдау бағытында жаңа жобаларды іске асыру, олардың өзін-өзі өтеп, компания қызметіне синергетикалық әсер бергенде ғана жүзеге асады.

Төртіншіден, ұлттық оператор газ химиясы және терең өңдеуде ең тиімді жобаларды жүзеге асыру барысында газды нарықтық баға бойынша беруді мақсат етеді. Жаңа энергетика және газ химиясы жобаларын дамыту (метанол, карбамид, аммиак, түйіршіктелген күкірт, көк сутегі, тыңайтқыштар және т.б. өндіру) басым міндет болып табылады.

Бесіншіден, «QazaqGaz» өз қызметінде ESG жоғары принциптерін және корпоративтік басқару стандарттарын үнемі ұстанатын болады. Осы қағидаттарды сақтау үшін компания бизнесті жүргізу, қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және адами капиталды дамытуда үздік халықаралық тәжірибені қолдануға ниетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, компанияны IPO-ға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Кешенді жоспардың қабылдануы газ нарығын реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге, газ саласына инвестиция тартуға жағдай жасауға, тауарлық газ өндірісін ұлғайту үшін газ-ресурстық базаны кеңейтуге және отын-энергетика кешенін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұтынушыларды үздіксіз және қауіпсіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етеді.


Соңғы жаңалықтар