Қазақстандағы ежелгі қалалар: Отырар қаласы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты.

Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағл ұ маттар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.

***

Отырар - Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі. Қаланың қалдығы Отырар төбе деген атпен белгілі, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Шәуілдір елді мекенінің жанында орналасқан. Отырар қаласы туралы көптеген саяхатшылардың жазба деректерінде айтылады.

Ежелгі Отырар шұраты Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында орналасқан. Оның жері Сырдарияның орта ағысы тұсындағы жағаларында орналасқан. Орта Сырдарияның алқабы, Тұран ойпатының бір бөлігі, Қызылқұм-Ортасырдария жазығына кіреді.

Шұраттың негізгі су көздері Арыс пен Сырдария. Олардан шығарылған каналдар, қалалар мен мекендерді сумен қамтамасыз етті, егістікті суарды. Тек, судың молдығынан ғана, бұл жерде егіншілік мәдениеті дами алды.

Отырар шұратының орналасқан жері, оның тұрғындарының өміріне әсерін тигізіп отырды. А.Н. Бернштам Отырар, Арыстың Сырдарияға құяр тұсында, Бөгенге жақын орналасқандықтан, қолайлы позицияда тұр және жер суару үшін суы жеткілікті деп дәл айтқан. Бөген мен Арыс бойымен Таласқа, үйсін, кейін қарлық иеліктерінің шекарасына дейін жеткен. Сырдария бойымен жолдар Шаш, Ферғана және Соғдыға, солтүстікке қарай Арал маңындағы аландар арқылы Еділ бойындағы далаға, Таулы Оралға және Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін барған.

Шұраттың солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы 53 километрдей, батыстан шығысқа қарай 54 километрдей. Шұрат территориясында 130 астам ескерткіштер бар.

Отырар ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде кеңінен танымал. Отырар орнында елді мекеннің пайда болуы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларына сәйкес келеді. Алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жазба деректерде б.д. IX ғ. кездеседі. X-XII ғғ. кезеңі, моңғол шапқыншылығы тамырын шапқан қалалық өмірдің гүлдену кезеңі болды. 1219 жылы Отырар Шыңғысхан әскерінің соққыларынан құлады. Алайда, Отырар қайта түлеп, XIII ғасырдың ортасында Батыс пен шығыс арасындағы жолда ірі сауда орталығына айналды. 1405 жылы Отырар сарайларының бірінде Темірлан қайтыс болады. Отырардағы өмір XVIII ғасырға дейін жалғасты. Қала жұрттың жалпы сипаты Қазақстан мен Орта Азиядағы ортағасырлық ескерткіштердің көпшілігінің сипатына тән.

Отырарда сонымен қоса ғажайып үлкен қыш ыдыстар хумдар көптеп кездеседі. Олардың кейбірінің үлкендігі адам бойындай зор болып келеді. Ол ғажайып ыдыстарда, құмыраларды астық, жем сақталатын болған. Қазір Отырар қазынасының аса бір көзге елеулі көрінетіні - оның керамикалық ыдыстары, күміс, қола құмғандары және түрлі қыш қақпақ дастархандары. Әсіресе Отырар керамикалары өзінің комозициялық құрылымы жағынан, ою-өрнектерінің күрделігі, ерекшелігі жағынан назар аударады. Қаншама ғасыр өтсе де, табақтардағы бояулар өз сапасын жоймаған. Бояу түрлерінің бір-бірімен жымдасуы, әдемі нақышты өрнегі, жасалу сапасы берік. Кейінгі қазба жұмыстарының нәтижесінде Отырарда сәулетті сарай, мешіттердің болғанын дәлелдейтін олардың қалдықтары аршылып алынады.

Отырардағы алғашқы қазбаны археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшелері А.К.Кларе мен А.А. Черкасов 1904 жылы жүргізді. Олар бірқатар траншеялар салып, материал жинақтады. Кейінгі зерттеулер, тек, ХХ ғасырдың 40-жылдары профессор А.Н.Бернштам басшылығымен жалғасын тапты. 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (1971 ж. бастап ҚазКСР ҒА Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы болып аталады) ұйымдастырылып, оны Ақышев К.А. басқарды, ал 1991 жылдан Байпақов К.М. басқарып келеді. 2001 жылы ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония бастауымен «Ежелгі Отырар қала жұртын консервациялау және сақтау» Қорының халықаралық жобасы жұмысын бастады. Жобаның негізгі мақсаттары: құжаттық база жасау мен консервациялық шаралар болды.

2004-2007 жылдары «Мәдени мұра» және «Ежелгі Отырарды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары аясында Отырар қалашығының бірқатар ескерткіштерін (XIV ғ. жұма мешіті, XVI ғ. тұрғын үй орамы, XI-XII ғғ. тұрғын жайлары, қабырғалар, орталық қақпа және «Дарваза-и суфи» («Сопы қақпасы»), стратиграфиялық шурф, XIV ғ. моншасы) зерттеу, консервациялау және музейлендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Шұрат ескерткіштері Көк-Мардан, Құйрыктөбе, Жалпақтөбе, Уәсиж қалашықтары, Талтақай және Қоңыр мазараттарына кешенді зерттеу жүргізілді. Отырар шұратын аэрофотоқұжаттау іске асырылды, ең жаңа компьютерлік жетістіктерді пайдалана отырып шұраттың ежелгі ирригациясы зерттелді. 8 мыңнан астам аэросуреттер түсірілді. Шұраттың геоақпараттың негізі жасалды. Бұл - Қазақстан археологиялық ғылымында жасалған ең ақпаратты және ауқымды жүйе.

Отырар шұраты Қазақстан Республикасы археологиясының жауһары. Археологиялық зертттеулерді, консервациялық шараларды жалғастыру, туристік инфрақұрылымды дамыту шұрат ескерткіштерін Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізу процесінің маңызды құрамдас бөлігі.

Соңғы жаңалықтар