Қазақстандағы ерекше актерлердің алғашқы театры Түркістанда өнер көрсетті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында Қазақстандағы ерекше актерлердің алғашқы театры өнер көрсетті. Шығармашыл жастар мәдениет үйінде «Бұлттардың арғы бетінде» атты музыкалық пьесасын сахналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мүмкіндігі шектеулі 50-ден астам актері бар театр труппасы мен режиссерлік-қойылымдық труппа дайындық жұмыстарын бір ай бұрын бастаған. Қысқа мерзім ішінде театрдың елордалық филиалы актерлердің кастингін, шеберлік сағаттарын өткізіп, қазақстандық көрермендердің назарына ұсынатын толыққанды мюзиклді дайындап шыққан. Ым-ишарамен сахналанған қойылымда ғұмырының санаулы күндер қалғанына қарамастан арманынан алшақтамай өмір сүрген жас жігіт туралы баяндалады. Ол ғажайыпқа сеніп өмір сүруін жалғастырып, айналасындағы адамдардың санасын өзгерте алады. Көрсетілімнен соң көрермендерге «еркін микрофон» ұсынылып, олар қойылымнан алған әсерлерімен бөлісті. Жас ұжымға шығармашылық табыс тілеп, жылы шыраймен сахна әлеміне алғаш қадам басқан актерлердің мағыналы ой салғандығына алғыс білдірді.

Айта кетейік, театр ұжымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде гастрольдік сапарларға шығуда. Жобаның ұйымдастырушысы Ұлттық Дельфий Комитеті болып табылады. Өнерлі жандардың басын қосқан ұжым қоржынында бүгінде 40-қа жуық қойылым бар. Жас актерлар еліміздің барлық аймағын аралауды жоспарлап отыр. Ұжымдағы жастар актерлік шеберлігін, хореография, сахналық бейне, ым-ишара тілінің шеберлігін және өздерін тағы басқа қырынан жетілдірілуді басты мақсатқа айналдырған. Ұйымдастырушылар аймақтардағы мүмкіндігі шектеулі дарындардың қойылымға қатысуын қамтуға да ниетті.

Соңғы жаңалықтар