Қазақстандағы ең нәтижелі мемлекеттік бағдарламалар анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Стратегиялық бастамалар орталығы (CSI) елімізде жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламалар рейтингін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зерттеу аясында халықтың мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге және елде қабылданып жатқан шаралардың нәтижелігіне қанағаттану деңгейі бағаланды. Осы мақсатта статистикалық және сауалнама мәліметтерінің көмегімен 10 мемлекеттік бағдарламаға 10 балдық шкаламен баға берілді:

1. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы;

2. Кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнес жол картасы -2020» бағдарламасы;

3. Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы;

4. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы;

5. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы;

6. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы;

7. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

8. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы;

9. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасы;

10. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы.

«Талдаудың жалпы қорытындысы негізінде ең нәтижелі мемлекеттік бағдарламалар қатарына «Тілдеді дамыту мен қолдану» бағдарламасы (7,5), «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» (7,3) және «Денсаулық» бағдарламасы (7,3) енді. Ал нәтижесі аз бағдарламалар ретінде сауалнама қатысушылары «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын» (6,1), «Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын» (6,1) «Өңірлерді дамыту бағдарламасын» (6,0) және «Бизнес жол картасын» (4,6) атаған. Төмен баға алып отырған мемлекеттік бағдарламалар - жаңа өндірістердің ашылуына, жаңа жұмыс орындарын құруға, және жалпы халықтың тұрмыс жағдайын арттыруға сеп болатын бағдарламалар екені ойландыратын жайт», - деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі.

Жалпы алғанда, халық мемлекеттік бағдарламалардың әсері мен нәтижесіне төмен баға берген.

Айта кетейік, сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 3000-нан астам респондент қатысқан. Респондентер облыс немесе қала тұрғындарының санына теңестіріліп іріктелді. Яғни, Алматы, Түркістан облыстары және Алматы қаласының респонденттер саны басқа өңірлерден көбірек.

Бұған дейін Бақыт индексі бойынша Қазақстан өңірлерінің бірінші рейтингі жарияланған болатын. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары және Ақмола облысы тұрғындары анағұрлым бақыттырақ екені анықталды.

Соңғы жаңалықтар