+7 (701) 759 90 19
USD 388.81 EUR 429.01
RUB 6.08 CNY 55.49
Jańalyqtar

Қазақстандағы ең алғашқы әскери мектеп 20 жылдық мерейтойын атап өтті

2019 жылғы 4 қараша 20:33
Бөлісіңіз:
Қазақстандағы ең алғашқы әскери мектеп 20 жылдық мерейтойын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебі өзінің 20 жылдығын тойлады. Осыған орай астаналық мектепте Қорғаныс министрлігі өкілдерінің, Қарулы Күштер ардагерлерінің және тәрбиеленушілердің ата-аналарының қатысуымен мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мектеп басшысы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев қатысушыларды маңызды мерейтоймен құттықтады. Дәстүр бойынша ұландар мектептің туын шығарып, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоғын қойды.

ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, генерал-майор Асхат Рыспаев та өз құттықтауын жеткізді.

«Осы уақыт аралығында сіз қиын және керемет шығармашылық жолдан өттіңіз. Сіздің мектебіңіздің тарихы - бұл маман атанған мыңдаған ұл балалардың тағдырлар тарихы. Құрметті әріптестер, сіздердің қолдарыңыздан ғажап іс - адам қалыптастыру келеді. Тек сіздер ұшқалақ баладан болашақ сарбаз-офицерді көресіздер. Барлық үміттеріңіз ақталып, атқарған жұмыстарыңыз жемісін берсін. Әр ұлан мектептің мақтанышына айналуына тілектеспін», - деді ол.


20 жылда мектепте болған іс-шаралар мен жетістіктер туралы фотокөрме ұйымдастырылды. Мерейтой қарсаңында «Жас ұлан – 20 жыл» атты кітап дайындалып, жарық көрді.

Алғашқы «Жас ұлан» мектебі 1999 жылдың наурызында ҚР Үкіметі Жарлығына сәйкес құрылды. Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері үшін мектеп қабырғасынан болашақ командирлерді дайындайтын арнайы оқу орнын құру - еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы.

Қазіргі кезде мектепте мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен жиналған 425 ұлан білім алуда. Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында тағы үш «Жас ұлан» әскери мектебі жұмыс істейді.

Әскери мектепте тәрбиеленушілер мемлекеттік және шет тілдерін, жалпы білім беретін пәндерді тереңдетіп оқиды және дене шынықтырумен шұғылданады. Мектеп пәндерімен қоса олар жалпы әскери тактика, байланыс негіздері, саптық даярлық, жалпы әскери жарғылар және басқа да әскери пәндерді меңгереді.

Заманауи оқу-материалдық база жаңа техникалық құралдарды қолдана отырып интерактивті, компьютерлік және лингафон сыныптарында сапалы оқу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Әскери пәндер бойынша кабинетте тәжірибе жүзінде өткен тақырыптарды пысықтауға әскери техника мен қару-жарақтың жаңа үлгілері бар.

Әскери авиацияны одан әрі оқуды жоспарлаған тәрбиеленушілерге әскери ұшқыш мамандығының негіздерін оқуға мүмкіндік беріледі. 2007 жылғы қыркүйектен бастап «Мемлекеттік авиация орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының негізінде ұландар үшін «Жеңіл қозғалтқышты ұшқыш» біліктілігі берілетін ұшу дайындықтары бойынша сабақ жүргізіледі.

Ұландар олимпиадада, әр түрлі жарыстар мен турнирлерге белсене қатысады. Олардың жан-жақты дамуы үшін мұражай, театрлар мен спорттық іс-шараларға апарады, атақты ғалымдар және танымал спортшылармен кездесулер ұйымдастырылады.

Оқуын одан әрі жалғастыру үшін түлектер ҚР Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына жіберіледі. Сонымен қатар олар білімін шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында жалғастыра алады. Қазіргі кезде «Жас ұлан» астаналық мектебінің түлектері Қазақстан, Ресей, Беларуссия, Украина, Түркия, Қытай әскери оқу орындарында білім алуда.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT