Қазақстандағы электр қуатының тапшылығы: АЭС, жаңаратын энергия көздері және әлемдік тәжірибе

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары еліміз электр қуатының тапшылығын сезіп отыр. Оны тұтыну көлемі жыл өткен сайын артқанымен, өндіру жағы ақсап тұр, өйткені электр энергиясын өндіретін коммуналды инфрақұрылым тозған. ҚР Энергетика министрлігінің Электр энергиясы мен қуатының жеті жылдық болжамды теңгеріміне сәйкес, 2029 жылға қарай электр қуатының тапшылығы 3 ГВт-тан асуы әбден мүмкін. Болжам бойынша, электр қуаты тапшылығының қазіргі деңгейі 2025 жылға дейін сақталмақ.

Министрліктің пайымынша, қазіргі жағдайда елдегі электр энергиясы тапшылығының орнын толтыру үшін атом электр стансаларын салу қажет. Дегенмен АЭС-ке қатысты халықтың көзқарасы да екі түрлі. Бірі – бізге керек десе, екіншісі күмәнмен қарайды. Осы тұста, әлемдік тәжірибеге назар аударып, ғаламның алпауыт мемлекеттері электр энергиясы тапшылығын жою үшін қандай іс-шараларды қолға алып отырғанына үңілдік. Сондай-ақ Қазақстан үшін АЭС қаншалықты қажет, оның құны қанша болады, оны салған күннің өзінде электр энергиясы тапшылығының қанша пайызы жабылады, біздің сарашылар не дейді, міне, осы мәселелер төңірегінде материал дайындауды жөн көріп отырмыз. Толығарақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Электр қуатының тапшылығына не себеп болды?

Отандық сарапшылар бұған дейін де электр қуатының тапшылығы қаупі бар екенін айтып, дабыл қағып келеді. Мамандардың айтуынша, еліміздегі кейбір энергетикалық нысандардың 80 пайызы тозып кеткен. Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымы Кеңес Одағынан қалғаны бәрімізге белгілі.

Еліміздегі энергия өндіру негізінен жылу электр стансаларының ЖЭО арқылы жүзеге асады. Петропавл қаласының ЖЭО-2 сияқты кейбір ЖЭО-лар 60 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Тәуелсіздік алғаннан кейін де барлық нысан күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өткен жоқ. Сарапшылардың сөзінше, соңғы жылдары электр нысандарын жаңарту мүлде болмаған. Елде жыл сайын электр энергиясын тұтыну көлемі артуы себепті электр қуатын өндіретін орталықтар шамадан тыс көп жұмыс істейді. Сондықтан да жиі апаттар болып отырады. Сондай-ақ жылыту маусымы кезіндегі де апаттар жиілеп кеткен. 2022 жылдың қысында елімізде жылу электр стансаларында апаттар саны көп болды. Олардың ең ірілері – Екібастұз бен Петропавлда. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде электр энергиясының тапшылығы тәулігіне 1200 МВт-ты (немесе 1,2 ГВт) құрайды.

Ал «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Түйтебаевтың сөзінше, биыл 2023 жылы электр қуатының тапшылығы 1,4 ГВт-қа жетеді. Ол бұл туралы сәуір айында өткен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қоғамдық кеңесінде айтты. Ол Қазақстанда электр энергиясын тұтыну тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өтті.

«Соңғы бес жылда электр энергиясын тұтыну деңгейі 9,4%-ға өсті. Қуаты күшті электр энергиясын өндіретін орындар іске қосылып жатыр. Бірақ қаржыландырудың болмауынан, сондай-ақ тарифтердің төмен болуынан әлдеқайда баяу қарқынмен жүріп жатыр. Осыған байланысты жұмыс істеп тұрған ЖЭО-ға жүктеме артып келеді. Олардың тозуы Екібастұз, Рудный, Риддер, Теміртаудағы сияқты апаттардың жиі орын алуына әкеліп соғып отыр. 2015 жылы резервтегі электр қуат 3 ГВт құраған еді. Өкінішке қарай, 2022 жылы біз бұл мүмкіндіктерімізді сарқып алдық», - деді Серік Түйтебаев.

Қазақстан электр энергиясының бағасы ең төмен елдер қатарында

Жалпы еліміздегі электр энергиясының құны әлемдегі ең төмен бағалардың бірі болып отыр. GlobalPetrolPrices.com деректеріне сәйкес, 2022 жылы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда электр энергиясының құны ‒ 0,045 доллар. Осы көрсеткішпен Қазақстан 147 мемлекет арасында арзан электр энергиясы бар үздік 30 елдің қатарына кіреді. Электр энергиясының қолжетімді бағасы Қырғызстан мен Өзбекстанда да сақталып отыр – 0,01 және 0,026 доллар. Кей сарапшылар электр қуатының жетіспеушілігіне оның бағасының арзан болуы да жанама себептің бірі болуы мүмкін екенін айтады.

Электр энергиясын пайдаланудан ТМД-да алғашқы үштікте

Index Mundi статистика агенттігінің мәліметінше, ТМД және посткеңестік елдер ішінде электр энергиясын жан басына шаққанда тұтынудан Ресей, Қазақстан және Беларусь мемлекеттері алғашқы үштікте тұр. Мәселен, Ресейде жылына бір адамға шаққанда 6,4 мың кВт/сағат, Қазақстанда 4,9 мың кВт/сағат болса, Беларусь елінде 3,3 мың кВт/сағатты құрайтынын байқауға болады.


Ал ең төменгі көрсеткіш Молдова (бір адамға 1,3 мың кВт·сағ), Тәжікстан (1,5 мың кВт·сағ) және Өзбекстанға (1,6 мың кВт·сағ) тиесілі. Салыстырмалы түрде қарасақ, халқы бізден бірнеше есе көп мемлекеттер электр энергиясын аз қолданатынын байқаймыз. Бұл да зерттеуді қажет ететін тақырып...

Қазақстан электр энергиясы тапшылығымен қалай күресіп жатыр?

Соңғы жылдары елімізде электр энергиясына сұраныс 10%-ға жуық өскен. Елордада энергетикалық қауіпсіздік тақырыбында өткен конференцияда «Самұрық-Энерго» АҚ генерация департаментінің директоры Ғалымбек Ауталиповтің сөзінше, кейінгі бес жылда елімізде электр энергиясына деген сұраныс 9,4 пайызға артқан. Сонымен қатар ол қолданыстағы энергия өндіруші қуаттар өсіп келе жатқан сұранысты жаба алмайтынын да жеткізді.

«Министрлік бекіткен болжамды балансқа сәйкес, 2023 жылға қарай қуат тапшылығы шамамен 1,4 гигаватт, ал 2029 жылға қарай шамамен 3 гигаватт болуы мүмкін. Осыған байланысты ҚР Үкіметі мен «Самұрық-Қазына» қоры жаңа энергия қуатын енгізуді тапсырды. Атап айтқанда, «Самұрық-Энерго» Екібастұз ГРЭС-2 блоктарының құрылысын іске асыруды және жалғастыруды жоспарлап отыр» - деді ол.

Ғалымбек Ауталиповтің сөзінше, осы бағыттағы қадамдар 2029 жылға қарай 4 гВт деңгейіндегі энергияны іске қосуға мүмкіндік бермек.

«Бұдан бөлек біз жаңартылатын энергия көздерін енгізіп жатырмыз. Бұрынғы энергия ресурстары қатарындағы көмір және газ стансалары бар. Халықаралық деңгейде көмірқышқыл газын азайту мақсаты қойылғанын ескере отырып, 2022 жылы «Самұрық-Энерго» тиісті бағдарламаны бекітті», - деді компания өкілі.

Жалпы Қазақстан көміртегін азайту, жасыл технологияны пайдалануға көп көңіл бөліп келеді. 2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайызға дейін арттыру міндетін қойғанын білеміз.

«...Көптеген мемлекет осы ғасырдың ортасына қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізетіндері туралы мәлімдеді. Жаңа реттеу тетіктері енгізіліп жатыр. Оның ішінде Еуроодақтың көміртегі салығы туралы бастамалары да бар. Қазақстан да Ресей сияқты әлемдегі ең көп энергия тұтынушы елдердің бірі. Өнеркәсіп өндірісінің 50%-дан астамын кен өндіру саласы құрайды. Электр энергиясының 70%-ы көмірден алынады. Осының өзінде жоғары тәуелділікке қарамастан, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізетінін мәлімдеді. Бұл толық мүмкін және ақылға қонымды міндет», - деген болатын.

Электр қуаты тапшылығын жоюдың тиімді жолдары қандай?

Бұдан жыл өткен сайын әрі елдегі адам саны көйбейген сайын электр энергиясына деген сұраныстың арта беретінін байқаймыз. Бұл, әрине, өз кезегінде қазіргідей оның тапшылығына әкеліп соғатыны сөзсіз. Егер электр энергиясының жетіспеушілігі бүкіл ел бойынша байқалса, онда ол көрші Ресейден сатып алу арқылы өтеледі. Яғни РФ энергожүйесі Қазақстандағы өндіріс пен тұтыну арасындағы сағаттық ауытқуларды өтей отырып, республикамыздың Бірыңғай энергожүйесін қалыпты деңгейде ұстап тұрады. Шын мәнінде, бұл еліміздің энергетикалық жүйесі РФ-ға тәуелді екенін көрсетеді.

Сондықтан да қазіргі таңда мамандар еліміздің электр қуатын импорттаудан арылту үшін балама энергия көзі ретінде АЭС салуды ұсынып отыр. Өйткені электр қуатының жиі үзіліп, сөніп қалуы ел экономикасы мен халықтың тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізіп, елдің дамуын тежеп отыр. Сондықтан да ядролық энергетиканы Қазақстан үшін маңызды деп санаудың бірнеше себептері бар. Жалпы бұл мәселе біраздан бері талқыланып келеді. Біз АЭС-тің еліміз үшін неліктен маңызды екенін бұған дейін жазған болатынбыз.

Жақында елордада өткен АЭС-тің экологияға әсерін талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысында «Қазақстан атом электр стансасы» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Құмар Әусенов АЭС-тің артықшылықтарына тоқталып өткен еді.

«Жалпы жаңаратын энергия көздері өте жақсы. Бірақ оларға барлық уақытта жағдай бола бермейді. Қазақстанда біз ойлағандай жел жиі соқпайды екен. Ал түнде күн сәулесі болмайды. Сондықтан халыққа және зауыттарға энергия беру үшін бізге АЭС қажет», - деді ол.

Фото: istockphoto.com

Оның айтуынша, АЭС таза электр энергиясын өндіреді. Әрі оның шығарындылары да аз.

«Біз қауіпті шығарындыларға қатысты мәселені пысықтап жатырмыз. Мамандар, Ядролық технология қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы бар. Олар баяғыдан бері шығарындылар мәселесімен айналысып келеді. Оны шешуге болады. Кейбір адамдарды су мәселесі толғандырады. Егер станса салар болсақ, онда Балқаштың бүкіл суының тек 3 пайызы ғана буланады. Яғни, көлдің мол көлемімен салыстырғанда су өте аз кетеді. Және де біз бұл суды турбина конденсаторларын салқындату үшін ғана аламыз. Мәселен, 200 текше метр су алсақ, ол үнемі жүйеде болады. Ал қалған су энергетикалық жабдықтарды салқындату үшін қажет», - деді инженер.

АЭС электр энергиясын тұтынудың 12 %- ын жабады

Сонымен қатар Құмар Әусеноа Қазақстанда құрылысы жоспарланған АЭС-тің қанша электр энергиясын өндіретінін де атап өтті.

«Біздің есептеулеріміз бойынша, 2035 жылға қарай тұтынудың 12%-ын жабамыз. Солай болады деп үміттенеміз», - деді ол.

Осы тұста, мамандар ұсынған АЭС-тің ұтымды тұстарына тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Олар:

- Энергетикалық қауіпсіздік. Атом электр стансалары елдің отын импортына деген тәуелділігін азайтып, энергетикалық тәуелсіздігін арттырады.

- Климаттың өзгеруін алдын алу. Атом энергиясы - бұл елдің өсіп келе жатқан энергия қажеттіліктерін қанағаттандыру кезінде климаттық мақсаттарға жетуге көмектесетін төмен көміртекті энергия көзі.

- Экономикалық даму: Қазақстанда атом энергетикасын дамыту жұмыс орындарын құруға, инновацияларды ынталандыруға және ел экономикасының өсуіне ықпал ете алады. Оның үстіне, Қазақстан атом электр стансаларына отын ретінде пайдаланылуы мүмкін және басқа елдерге экспортталуы мүмкін уран өндіру бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі екенін атап өту керек.

Мамандардың сөзінше, атом энергетикасы тұрақты, төмен көміртекті және экономикалық тұрғыдан тиімді электр энергия көзін қамтамасыз етеді. Қазақстанда ғылыми база, білімді де білікті жұмыс күші бар, олардың арасында энергетика саласындағы білікті мамандар, сарапшылар көп. Соныдықтан да Қазақстан өзінің энергетикалық болашағын қамтамасыз ете алуға мүмкіндігі бар. Сонымен бірге жаһандық климаттың өзгеруін азайту жөніндегі күш-жігерге өз үлесін қосып, таза энергия мен ядролық технология бойынша аймақтық көшбасшы ретінде көрсете алады.

Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың сөзінше, АЭС құрылысы халықаралық қоғамдастықтың қадағалауымен жүргізілмек.

Фото: storage.googleapis.com

«АЭС-ті қауіпсіздік пайдалану әрине, басты мәселе. АЭС құрылысы басталар алдында Халықаралық атом энергетикасы агенттігі, сонымен қатар халықаралық реттеуші дайындықты бағалау үшін құрылыс алаңына миссиямен келеді. АЭС құрылысы халықаралық қоғамдастықтың қадағалауымен жүргізілетін болады», - деді ол.

АЭС салу үшін қанша қаражат пен уақыт керек?

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ-нің еншілес кәсіпорны «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда АЭС-тің екі реакторының құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. «Алдын ала есептеулерге сәйкес, елімізде әрқайсысының қуаты 1,4 мың МВт болатын екі реакторлы АЭС салынуы керек. Болжам бойынша, оның құрылысына 10-12 млрд доллар қажет»,-делінген мәліметте.

Мамандардың айтуынша, АЭС-ті салуға шамамен 6 жыл уақыт кетеді. Алайда ұсынысты қоғамдық талқылаудан өткізуге, қажетті құжаттар дайындауға да уақыт керек. Жалпы бұл процесс 10 жыл мерзімді қамтуы мүмкін.

Жуырда ел астанасында АЭС-тің экологияға әсері туралы өткен дөңгелек үстелде ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың сөзінше, АЭС құрылысының құнына бірқатар фактор әсер етеді.

«Әзірге біз екі блоктан тұратын бір ғана орынды қарастырып жатырмыз – бұл екі реакторы бар бір атом электр стансасы. Реакторлар неғұрлым көп болса, құрылыстың жалпы құны соғұрлым арзан болады. Ал АЭС құрылысының бірінші блогы әрқашан екіншісінен қымбатырақ. Өйткені екінші блоктың құрылысы басталғанға дейін құрылыс, жобалық-сметалық құжаттама, учаскені дайындау, қандай да бір инфрақұрылымды жүргізу тәжірибесі болады», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде екі энергоблокты салу үшін 10-12 млрд доллар жұмсалады.

Қазақстанда АЭС-салуы мүмкін ықтимал мемлекеттер

Сондай-ақ жуырда елордада өткен жиында «Қазақстан атом электр стансасы» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Құмар Әусенов бірнеше жылдан бері АЭС-тің жобасын жасаумен айналысып жатқанын, сонымен қатар АЭС-ті қай елдің компаниялары салуы мүмкін екенін атап өтті.

«Атом электр стансасын жобалаумен айналысып жатқанымызға 5 жыл болды. Мұның бәрі электр энергиясының тапшылығына байланысты. Біз көптеген жобаны қарастырдық, өлшемшарттарын әзірлеп, бағалау жүргіздік. 2019 жылы 9 компанияға сұраныс жіберген едік. Олардың ішінде америкалық, ресейлік, корейлік және қытайлық 5 компания жауап берді. Бұл 4 елдің технологиясы шамамен бірдей, ұқсас», - деп атап өтті ол.

Фото: kazatomprom.kz

Оның сөзінше, аталған елдердің барлығының технологиясы қауіпсіз. Жалпы АЭС-тегі апат 10 млн жылда шамамен 1 рет қана орын алуы мүммкін.

«Қазірдің өзінде тапшылық шырқау шегіне жеткенде 1 гВт-қа дейін энергия тапшылығы бар. АЭС қана базалық сенімді энергия көзін бере алады. Әрине, жылу стансасы да бар. Бірақ олар көміртегін бөледі», - деді Құмар Әусенов.

Әлемдік тәжірибе: Германия АЭС-тен бас тартса, Франция жаңа АЭС салуды жоспарлап отыр

Десе де, АЭС-ті қажет етпейтін елдер де баршылық. Мәселен, биыл Германия жаңартылатын энергия көздерінің қымбаттығына және Ресей экспорттайтын табиғи газ бағасының өсуіне байланысты электр қуатының бағасының үш есе қымбаттағанына қарамастан, өз аумағындағы соңғы үш атом стансасын жапты. Оның мақсаты – 2045 жылға қарай төмен көміртекті, ядросыз экономикаға және парниктік газдар шығарындыларын нөлге теңестіру. Дегенмен Energiewende агенттігі егер Германия көміртексіз ядролық стансалардың қызметін тиімді пайдаланып, оған қосымша стансалар салған кезде, бұл көсреткішке әлдеқайда ертерек әрі оңай қол жеткізер еді деп жазды.

Ал Германияның көршісі Франция өзінің электр қуатының 70%-дан астамын атом электр стансаларынан өндіреді, ал Германияның жалпы жылдық көмірқышқыл газы шығарындылары Франциядан екі есе көп болды (Германияда жан басына шаққандағы шығарындылар 7,7 метрикалық тоннаны құрады, Францияда бұл 4,2 метрикалық тоннаны құрайды).

Айта кетейік, негізі Германия атом электр стансаларынан 2022 жылы бас тартуға тиіс еді. 2011 жылғы Фукусимадағы апаттан кейін сол кездегі канцлер Ангела Меркель ураннан энергия алудан біржола бас тартуға шешім қабылдады. Сөйтіп ақырғы мерзім 2022 жыл деп белгіленді. Бірақ Украинадағы жағдайға байланысты Ресейден келетін газға шектеу қойылғандықтан, бұл бір жылға шегерілді.

Фото: shutterstock.com

Еуропалық қоршаған ортаны қорғау агенттігінің 2021 жылғы есебіне сәйкес, 2020 жылы Германия кВт-сағатына 311 грамм көмірқышқыл газын шығарды, ал Франция кВт-сағатына 51 грамм көмірқышқыл газын шығарған. Бұл Германияның жаңартылатын энергияға салып жатқан инвестициясына қарамастан, оның электр энергиясын өндіруден шығатын шығарындылары жаһандық жылынуға қосқан үлесі бойынша Францияның шығарындыларынан алты есе көп екенін көрсетеді.

Германия үшін күн мен жел қуатының өсуі атом стансаларын ауыстыру үшін жеткіліксіз болып, жақын арада қазба отынынан алынатын электр энергиясының үлесі артуы мүмкін екені болжанып отыр. Сонымен бірге Франция президенті Эммануэль Макрон 2050 жылға қарай энергетикалық тәуелсіздік пен көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету үшін алты үлкен қуатты атом стансасын салуды жоспарлауда.

Бұдан біз Еуропаның экономикалық жағынан алпауыт екі мемлекеті көміртегі бейтараптығына жету үшін мүлдем қарама-қарсы жолды таңдап отырғанын байқаймыз. Мамандардың айтуынша, олардың бірі саналы түрде өз азаматтарының өмір сүру салтын қымбаттатса, екіншісі отандастарының өмірін жеңілдету үшін жаңа заманауи технологияларды таңдап отыр. Мұндай шешім әлемнің басқа елдеріндегі, тіпті біздің Қазақстандағы АЭС-тің салынуына қатысты мәселеге өз әсерін тигізбек.


Соңғы жаңалықтар