Қазақстандағы деструктивті ағымдарға тосқауыл қоятын уақыт келді –дінтанушы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы: діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады», - деген еді. Қазіргі таңда тек біздің елімізде ғана емес, әлемнің дамыған мемлекеттерінде де діни экстремизм мәселесі өршіп тұрғаны белгілі.

Қазақ үшін жалпы «ислам діні» деген ортақ ұғым болды. Одан кейін, «ол басқа дін екен» деген мәселе біздің тарихымызда болған жоқ. Кезіндегі біздің діни ғұламаларымыз осы мәселенің барлығын тәптіштеп сұрап, халыққа керегін беріп отырған. Сол себепті, ешқандай мәселе туындаған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары елімізде жоғары діни білім алу мүмкіндігі болмаған соң, көбі шетелге білім іздеп кетті.

Шет мемлекеттерде діни білім алған жастар Қазақстанға сол жақтың идеологиясын алып келді. Өкінішке қарай, біздің азаматтарымызда оны сұрыптап жататындай діни сауаты болған жоқ. Енді, қазір діни білім беру бойынша мемлекеттік заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Нақты тексерілгеннен кейін шетелдегі жоғары оқу орындарында қосымша білім алуға мүмкіндік бар. Бірақ нақты айқындалған, дұрыс екендігіне көз жеткізілген ЖОО-ларда ғана білім игеруге рұқсат беріледі. Әрине, бұл кеш болуы да мүмкін. Бірақ «ештен кеш жақсы» демекші, кейінгі жастарға ие болып қалсақ та – жаман емес.

Қазақстандағы деструктивті, дәстүрлі емес ағымдарға тосқауыл қоятын уақыт келді. Өскелең ұрпақты, жалпы қоғамды бұл жат идеологиядан құтқаруымыз керек. Табанды түрде күресу қажет. Тек қана мемлекет, үкімет емес, жалпы азамат, қоғам, отбасы болып сергек қарауымыз тиіс. Өйтпеген жағдайда діни алауыздық өз қаракөз қандастарымыздың арасында ушығып кетуі мүмкін. Өйткені қазіргі әлемдік саясаттың бір ұшқыны осындай діни алауыздық тудыру арқылы мемлекетте дүрбелең тудыруға себеп болып отыр. Сондықтан біз осының алдын алуымыз керек.

«Дәстүрлі дін» - соңғы кезде жиі айтылып жүрген термин. Жалпы, бізде мұндай сөз болған жоқ. Өйткені, бұрыннан ұстанып келе жатқан діни көзқарасымызды басқа ағымдардан ажыратып алу үшін «дәстүрлі дін» деген терминді қолданып жүрміз. Біреулер «дәстүрлі дін, дәстүрлі ислам» деген бола ма?» деп айтып жатады. Ислам – ол бір ғана ислам. Ол ешқашан бұзылған жоқ, Құран өзгерген жоқ. Қай жерде болмасын ислам – ислам болып қала береді. Бірақ біз оны қалай түсіндік? Біздің қазақи дүниетанымдағы исламдық көзқарастар қандай? Ғұламаларымыз дін туралы не айтты? Оның ішіндегі ең басты құндылық не? Міне, осы мәселелер тұрғысынан әр халықтың өзінің менталитеті, ерікті көзқарасы, ұстанымдары, рухани мұрасы бар. Рухани мұраны жаңғырту мәселесі расында да өте өзекті болып отыр. Егер кімде-кім өзінің дәстүрлі құндылықтарынан сусындаған болса, ол азамат теріс ағымдардың артынан еріп кете қоймайды. Қарны аш болса да, әлеуметтік жағынан қиналып жатса да, экстремизмнің қатарын толтырмайды. Өйткені, ол сол құндылық арқылы өзін сақтап қалады.

Біздің дәстүрлі дініміз, көзқарасымыз, соның ішіндегі ислам ғұламалары, жалпы қазақтың қандай ағартушысын алып қарасаңыз, барлығы дерлік білімін медреселерден сусындағын. Алдыңғы әл-Фарабиден бастап, кешегі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіптерге дейін, тіпті Алаш зиялыларының басым көпшілігі медреселерден білім алды. Олай болса, дәстүрлі дінді берік ұстанған, құндылықтарды сақтаған. Әрине, бұл жерде «дәстүрлі» деген сөз исламнан бөлек деп түсінбеу керек, біздің салт-дәстүрімізбен қабысқан, тіпті қазір дін деп айтудың өзі қиын.

Ең алдымен, бізге рухани тыныштық қажет. Ал рухани тыныштық болмаған мемлекетте, бөлшек-бөлшек болған қоғамда елдің әл-ауқатын дұрыстау да мүмкін емес. Алтынмен аптап, күміспен қаптап қойсаңыз да адамның ішкі құндылығы қалыптаспайтын болса ол мемлекет бүлінуге дайын тұрады.

Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы

Соңғы жаңалықтар