Қазақстандағы БҰҰ: тұрақты даму жолындағы серіктестік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 24 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымының күні атап өтіледі. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Президент ТРК-ға берген сұхбатында тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын және елдік топтың ұлттық дамуы жолында не істегенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандағы БҰҰ - үлкен команда. Мұнда Қазақстанды Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу жолында қолдайтын БҰҰ-ның 27-ден астам агенттігі жұмыс істейді. Біз Қазақстан ішінде берілген және таратылған барлық мүмкіндіктер мен білімдердің, соның ішінде БҰҰ желісі бойынша елдің алға жылжуына ықпал етуіне тырысамыз», - деді Микаэла Фриберг-Стори журналист Анель Қадыроваға берген сұхбатында.

Ол сондай-ақ Қазақстанның экологиялық тұрақтылыққа көп көңіл бөлетінін атап өтті.

«ТДМ-нің 17 мақсаты бүкіл қоғамды қамтиды және іске асыру үшін кең әлеуетке ие. Бұл ретте ТДМ-нің бір ғана саласында прогресс жеткіліксіз екенін мойындау маңызды деп санаймын, біз барлық бағыт бойынша жұмыс істеуіміз керек. Қазақстан Нью-Йоркте тұрақты даму мақсаттары бойынша Екінші ерікті ұлттық шолуды ұсынды. Бұл басқаша айтқанда - елдегі ТДМ міндеттерін іске асыру барысын бағалау», - деді Микаэла Фриберг-Стори.

Қазақстанда ТДМ іске асыру туралы айта келе, Микаэла Фриберг-Стори еліміздің цифрландырудың дүниежүзілік рейтингінде жоғары орынға ие екенін атап өтті.

Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі өзекті болып қала бермек.

«Біз тұрмыстық, жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресте өңірлік тәсілді қолдануға тырысамыз, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өңірлік бағдарламаны жүргіземіз. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, қыздар мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен, қоғамдағы зорлық-зомбылықпен күресу мәселелері бәрімізді алаңдатуы керек. Мұндағы жұмыстың көп бөлігі Үкімет пен азаматтық қоғамның ұмтылыстарын қолдауға бағытталған. Егер әйелдерге өкілеттік берілсе, тұрмыстық зорлық-зомбылығы аз қоғам құрылатынын білеміз. Біз отбасындағы зорлық-зомбылық туралы нақты заңнама сияқты мәселелерді қарастырамыз», - деп атап өтті Микаэла Фриберг-Стори.

Қазақстанның жас буынының әлеуетін нығайту аясында БҰҰ Елдік командасы оқыту семинарларын өткізеді.

Микаэла Фриберг-Стори жұмыстың негізгі бағыттарының бірі Үкіметпен және азаматтық қоғаммен Президент бастаған қазіргі реформаларды қалай қолдауға болатындығы туралы диалог екенін атап өтті.

«Біз қоғамдық келісім жаһандық ауқымда жасалуы керек екенін мойындаймыз. Бұл БҰҰ Бас хатшысы қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қазақстан Президенті қоғамдық шартты қайта қарау туралы, жастармен көбірек жұмыс істеу туралы, ауылдық және қалалық аудандар арасындағы аз бөліну және өңірлерді дамытудағы алшақтықтар туралы айтқан кезде соған құлақ асамыз», - деп түйіндеді БҰҰ-ның ҚР-дағы тұрақты үйлестірушісі.








Соңғы жаңалықтар