Қазақстандағы бизнес отандық ғылымның әлеуетіне сене бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ғылым қоры» АҚ осы уақытқа дейін өткізген үш конкурстың нәтижесі бойынша мақұлданған жобаларға отандық бизнес өкілдері бұрынғыдан көбірек ақша бөле бастады. Бұл туралы Астанада Парламент Сенаты депутаттарымен кездесу барысында «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз алдымызға екі стратегияны белгілеп алдық. Оның біріншісі ғылыми жобаларын коммерциализациялау бағытында ғалымдарды кешенді түрде қолдау болса, екіншісі - ғалымдарға бизнеспен серіктестік орнатуда қолдау көрсету. Алдағы уақытта әлбетте, біз бұл стратегияларды конкурстар арқылы іске асырамыз. Нарықта біз гранттарымызбен, конкурстарымызбен қызығушылыққа ие болып отырмыз», - дейді Әнуарбек Сұлтанғазин.

Оның айтуынша, «Ғылым қоры» АҚ жүргізген үш конкурс жұмыстарына қатысушылардың саны артып келеді.

«Алғашқы конкурсқа бар-жоғы 337 жоба келіп түсті де, соның нәтижесі бойынша 32 жоба қаржыландыру бойынша қолдау тапты. Ал 2017 жылы өткізген конкурсқа 502 жоба түсті. Олардың ішінде 72 жоба қолдауға ие болды. Сонымен қатар, үшінші конкурсқа 431 жоба қабылданып, оның 78-і іріктелді. Осылайша, іске асырылған жобаларды есептеп отырсақ, үш конкурс бойынша мақұлданған жобаларға бөлінетін қаражаттың 40,3 пайызын бизнес өкілдері аударған. Демек, бизнес қазіргі таңда Қазақстанда ғылыммен жұмыс істеуге болатынына сенді. Біз әрдайым бизнес өкілдеріне «егер өнімдеріңіз нарықта бәсекеге қабілетті әрі сапалы болсын десеңіздер, біздің ғалымдар сіздерге көмектесе алады» деп айтып жүрміз», - дейді ол.

Әнуарбек Сұлтанғазин өз сөзінде аймақтар бойынша жобалардың үлесін де атап өтті.

«Әлбетте, бұл ретте көшбасшылар - Астана мен Алматы қалалары. Сонымен бірге, Түркістан, Қарағанды облыстарынан жобалар көбірек түседі. Түптеп келгенде жобалар бойынша барлық өңірлерден қызығушылық жоғары. Ең бастысы, біз қазіргі уақытта шағын қалаларда да қанат жая бастадық. Мәселен, бір апта бұрын ғана Курчатов қаласында бір жобаны іске қостық. Яғни, ядролық физика бағытында эталонды үш өнімді өз елімізде өндіре бастадық», - дейді Әнуарбек Сұлтанғазин.

Айта кетсек, Астанада өткен жиынға ҚР Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары, «Ғылым қоры» АҚ өкілдері, сондай-ақ ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бойынша жобаларды іске асыратын ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты.

Соңғы жаңалықтар