Қазақстандағы бір шаңырақ астында ең ұзақ өмір сүрген отбасы Алматыда тұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Отасқандарына 70 жылға жуықтаған Жиенбаевтар отбасы «ең ұзақ отбасылық өмір сүрген» жанұя ретінде Қазақстан рекордтар кітабына кірген.

Республиканың мемлекеттік басқару органдарындағы көпжылдық мінсіз еңбегінің арқасында лайықты құрметке, көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болған Сұлтан Жиенбаев отбасы тек Алматыда қаласында ғана емес, барлық Қазақстанның бетке ұстар отбасы екендігі рас.

Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев екі мәрте Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі ордендерімен, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі ерен еңбегі үшін» медальдарымен, ерліктері үшін тоғыз жауынгерлік төсбелгілермен марапатталған ҰОС ардагері.

Еңбек жолын Түркістан-Сібір темір жолының Алматы бөлімшесінде басшы болып бастаған ол кейіннен 1962 жылы Қазақ ССР-нің Сауда министрі болып, ал, 1970 жылы - Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалып, онда 14 жыл қызмет атқарған. Бірнеше мәрте Қазақстан КП ОК-нің мүшесі және Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.

Қазір Алматы қаласының «Құрметті азаматы», Д.А.Қонаев атындағы қордың құрметті президенті, «Құрметті теміржолшы», «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының құрметті мүшесі», «Д.А.Қонаев атындағы университеттің құрметті профессоры» және отставкадағы полковник шеніне ие.

Бүгінде жары Нұрания Адельшина екеуі тоқсаннан асса да тың. Олардың отбасылық бақыты көптеген отбасыларға үлгі болып отырғандығы аян. Сондықтан болар, қалалық «Мерейлі отбасы» байқауында бірауыздан көп ұпай жинап, жеңімпаз атанды.

Жұбайы Нұрания Гирейқызы Адельшина екеуі 1944 жылы қызмет барысында танысқан.

Өздерінің танысқан шағын Нұрания апай былай жеткізді:

«Ол кезде мен мемлекеттік арбитр қызметін атқарып жүрген едім. Сот отырысына сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт қатысты. Мен істі оның пайдасына шештім. Бұған дейін ешкімге «бармақ басты, көз қысты» шешім жасап көрмеген едім. Отырыстан кейін екеуміз әңгімеміз жарасып достасып кеттік», - деді Нұрания апай.

Тамырын тереңге жайған миуалы бәйтерек сынды Сұлтан Сүлейменұлы мен Нұрания апай 69 жыл отасып, үш бала, алты немере мен он екі шөбере сүйген.

Үлкен ұлы Рүстем Сұлтанұлы - техника ғылымдарының кандидаты, дипломат. Соңғы жылдарда Еуразия экономикалық қауымдастығы жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі, қазіргі уақытта ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып еңбек етеді.

Қызы Райхан Сұлтанқызы 62 жасында дүниеден өткен.

Кіші ұлы Ринат Сұлтанұлы Қазақ ҰУ-дің заң факультетін оқып бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. КСРО МҚК (КГБ) Жоғарғы мектебінде кафедра бастығы болып қызмет атқарған. ҚР Қорғаныс өнеркәсібі комитетін басқарған.

Отбасының ең үлкен немересі Азат 42 жаста болса, кішісі Нұрсұлтан 33 жаста. Ең үлкен шөбересі 19 жастағы Әрсен Шотландияда білім алып жатыр.

Отбасындағы береке-бірліктің, махаббат пен адалдықтың кілті әйелде, дейді Нұрания апа.

Келесі жылы гауһар тойын тойлайтын отбасы мүшелері мерейтойға ҚазАқпарат тілшілерін де шақырды.

Соңғы жаңалықтар