Қазақстандағы балаларды қандай мәселелер алаңдатады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық пікірді сараптау орталығының әлеуметтанушылары Қазақстанның түпкір-түпкірінде тұратын 2 мыңнан астам балалар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауалнамада 8-17 аралығындағы балалар өздерін қаншалықты бақытты сезінетіндерін 10 балдық шкаламен бағалауы тиіс еді. Нәтижесінде, қазақстандық балалар бақытының орташа бағасы 8,8 баллды кұрады. Балалардың 3%-ы өздерін бақытты сезінбейтінін айтып, 1-3 балл аралығында баға берген.

«Әсіресе, 8-12 жас аралығындағы жеткіншектер, ауылда тұратын және толық отбасында тәрбиеленетін балалар өздерін бақыттырақ сезінетін көрінеді», - деп түсіндірді Қоғамдық пікірді сараптау орталығы директорының орынбасары Айжан Шәбденова Астанада өткен «Бақытты бала - бақытты отбасы - бақытты ел» атты дөңгелек үстел барысында.

Сондай-ақ, балаларға өз денсаулықтарына баға беру ұсынылды. Олардың 89 пайызы өз денсаулықтарын «Жақсы» және «Өте жақсы» деп бағалаған. Айта кетерлігі, толық отбасында өсіп келе жатқан балалар денсаулықтарын «Өте жақсы» деп көрсетсе, анасы немесе әкесі жоқ балалар «қанағаттанарлық» деп жауап берген.

Қазақстан балаларының 58 пайызы қандай да бір мәселеге алаңдаулы. Атап айтқанда, оларды білім беру сапасы, өз болашақтарының айқындалмауы, жоғары білім ақысы, үйірмелер мен секциялардың болмауы, бойдың қысқалығы, тері мәселесі және материалдық қажеттіліктер алаңдатады. Жоғарыда аталған 58 пайыздың басым бөлігін 13-17 жастағы қала балалары, оның ішінде қыз балалар құрайды.

Сонымен бірге, әлеуметтанушылар бала құқықтары жөніндегі сенім телефоны (111) туралы көбірек ақпарат тарату қажет деп есептейді. Зерттеуге сәйкес, қазақстандық балалардың 72%-ы өз мәселелері бойынша хабарласуға болатын сенім телефонының жұмыс істейтінін білмейді.

Соңғы жаңалықтар