Қазақстандағы ашаршылықтың басты себептері неде - тарихшымен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елбасының 1997 жылғы 5 сәуірдегі №3443 Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Кеңестік кезеңде Қазақстанда және басқа республикаларда ашаршылық қалай және не себепті болғанын ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Тәуелсіздік жылдары өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы ашаршылық ауқымы мен құрбандар саны туралы көптеген материал жарияланды. Ондағы цифрлар біркелкі берілмейді. Осы мәселе бойынша соңғы деректер қандай?

– Ашаршылық құрбандарының саны туралы мәселе Қазақстан үшін ғана емес, тұтас бұрынғы Кеңес Одағы үшін де өте күрделі. Ашаршылық тек Қазақстанда ғана болған жоқ және 1920-30 жылдары ғана болған жоқ. Аштық жылдары соғыс кезінде де, одан кейін де болды, елдің түрлі бөліктерінде каннибализм жағдайлары байқалды. Қазақстанға келсек, мұнда тарихшы және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшесі ретінде мынаны айта аламын.

Қазақстандағы ашаршылық проблемасымен алғаш рет қазақстандық емес, ресейлік ғалымдар айналысты. Ел ішінде бұл трагедия өзара әңгімеде айтылып қана жүр еді. Онымен Қазақстанда және жалпы Кеңес Одағында өте қатты ашаршылық болып жатқанын білетін америкалық және еуропалық ғалымдар жүйелі түрде айналысты. 1920 жылдары «Помгол», яғни «Ашыққандарға көмектесу» ұйымы болды. Ол кезде әсіресе Еділ бойында қатты аштық болды. Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В. Ленин шет мемлекеттерден көмек сұрауға мәжбүр болды. Айтпақшы, «Помгол» ұйымына Америка президенті Эдгар Гувер көмектескен, ол кеңес халқын құтқару үшін көп жұмыс атқарған. 1928-1932 жылғы Қазақстандағы ашаршылық шетелдік қауымдастықтан өте мұқият жасырылды. Кеңес Одағы социализмді құрса, аштық болмауы керек деп есептелді.

Сол кездегі ең ірі шетелдік мамандардың ішінен «Большой террор» және «Жатва скорби» еңбектерін жазған Роберт Конквестті атар едім. Мен онымен АҚШ-та тағылымдамада жүргенде кездестім. Қазақстандағы алапат ашаршылық туралы алғашқылардың бірі болып сол кезеңде кеңестік кәсіпорындарда жұмыс істеген АҚШ және Еуропа инженерлері хабарлаған. Ал КСРО-да аштық туралы айтуға тыйым салынды, әрине, аштық туралы өзара әңгімелерде жиі қозғалды, бірақ шала-шарпы айтылды. Себебі олар Кеңеске қарсы үгіт-насихат үшін 58-бап бойынша айыпталып, жауапқа тартылар еді – тіпті атылып кетуі мүмкін еді. Осылайша, Кеңес Одағы ыдырағанша бұл цензуралық тақырып болды, кез келген зерттеуге тыйым салынды, тіпті диссертация қорғауға рұқсат берілмеген.

Қазір ашаршылықтан көз жұмғандардың саны қанша деген сұрақ туындайды. Бізде бұл туралы көптеген архивтік құжаттар бар. Мысалы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында каннибализм, балаларды өлтіру, бандитизм туралы хабарлайтын көптеген құжаттар бар – аштық адамдарды хайуанға айналдырып жіберген. Бірақ ең бастысы – статистика. 1926 жылы Бүкілодақтық халық санағы жүрді, ал келесі санақ – 1939 жылы өткізілді. Осы кезеңде қазақ және украин азайып, басқа халықтың саны өскен. Қазақстан мен Украинада ұжымдастыру жедел қарқынмен жүргізілді, бұл мұнда шешуші рөл атқарды. 1926 жылы қазақтар 3 млн 600 мың адам болса, 1939 жылы – 13 жылдан кейін өсудің орнына күйрей түсіп, 2 млн 900 мың адам қалған. Халықтың өсуі қайда? Қазақтарда үнемі көпбалалы үйлер болғанын ескерсек, ашаршылықтан зор шығын келген. Бұл тек тікелей шығындар ғана. Ал жанама шығындарға тумай қалған балаларды немесе есепке енбей қалған өлім-жітімді жатқызуға болады.

Ашаршылық кезінде балалар мен әйелдер өлімі өте жоғары болғанын айту керек. Аштықтан аман қалған көптеген адамдар 10 және одан да көп баланың біреуі ғана тірі қалды деп айтатын. Сол жылдары Қазақстанда денсаулық сақтау саласы атымен болмады, сондықтан әйелдер мен балалар әлсіз болғандықтан бірінші кезекте қайтыс болды. Жалпы, нақты есептің жоқтығынан қазір қанша қазақ ашаршылықтан және онымен байланысты аурулардан қаза тапқанын ешкім айта алмайды. Бағалау бойынша шамамен 2-3 миллион адам қайтыс болды деуге болады.

– 1928-32 жылдардағы аштықтың себептері туралы не айтасыз? Сол кезеңде республикадағы азық-түлік өндірісінің төмендеуіне қандай факторлар көбірек әсер етті ?

– Жоғарыда айтқанымдай, Кеңес Одағы ыдырағанға дейін бұл тақырыпқа тыйым салынды. Цензураның әлсіреуіне байланысты 90-шы жылдары қайта құру кезеңінде тарихшылар – академик Манаш Қозыбаев пен Қайдар Алдажұманов, демограф Мақаш Тәтімов Мәскеуде 1928-1932 жылдардағы Қазақстандағы ұжымдастыру мен ашаршылық және олардың салдары туралы мақала жариялады. Неліктен осы кезеңге назар аударып отырмын? 1927 жылы БКП(б) Орталық комитеті бірқатар қаулы қабылдады, соның ішінде «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулы бар. Мемлекет тарихы институты ғалымдарының «1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты» кітабында осы қаулылардың барлығы жазылған. Мысалы, жұт бұрын да, революцияға дейін де болған. Неліктен ондағы аштық қорқынышты ауқымда болмады?

Біріншіден, 1927-28-29-жылғы қаулылар – қысқа мерзімде кулактар мен байлардан мал мен басқа да мүліктерді тәркілеу үшін жазылған. Ал «бай» ұғымы өте ауқымды болған. Бұл анықтамаға қарапайым мал-жанды ауқатты адамдар да кіріп кетуі мүмкін. Дәл осы ауқаттылар атылды немесе лагерьлерге жер аударылды. Миллиондаған мал тәркіленді. Одан бөлек, шаруаларды мәжбүрлеп колхоздарға қоса бастады. Партиялық номенклатура жеке шаруашылық меншік инстинкттерін, яғни контрреволюцияны тудырады, ал ұжымдық экономикада жұмыс істеген адам Кеңес үкіметіне адал болады деп санады. Колхоз мүшелерінің малдары мен басқа да мүліктері ортақ болды, енді адамдар өздері үшін емес, ұжымшар үшін жұмыс істеді. Колхозда ешкім жұмыс істегісі келмеді, жұмыс нашар ұйымдастырылғаннан үлкен көлемде мал қырылды. Сондай-ақ, тәркіленген көптеген мал басқа өңірлерге, үлкен құрылыс жүріп жатқан жерлерге экспортталды. Мұның бәрі 1928 жылы басталған аштықты тудырды. Сонымен қатар, аштық қалаларда немесе станциялық кенттерде емес, ауылдарда болды. Ал 1929-1930 жылдары ашаршылық жаппай сипат алды. Халықтың жаппай көші-қоны басталды. Солтүстік өңірлердің қазақтары Ресейге кетті, онда ұжымдастыру қарқыны Қазақстандағыдай жедел жүрген жоқ. Қазкрайкомның бірінші хатшысы Филипп Голощекин ұжымдастыруды жылдамдатуды талап етті және ол оны «Кіші Қазан» деп атады. Өйткені, қазақ даласында Қазан көтерілісі болған жоқ, сондықтан адамдарды тәркілеу, ату, колхоздарға айдап апару керек. Мұның бәрін сол кездегі құжаттар растайды.

Батыс қазақтары негізінен Иран мен Түрікменстанға кетті. Қызылорда, Торғай, Ақтөбе қазақтары Өзбекстанға кетті. Шығыс Қазақстан, Семей, Алматы облыстарынан халық Қытайға кетті. Біз барлық бағыттар бойынша қазақтардың көші-қон картасын жасадық. Сонда барлығы обадан қашқандай Қазақстаннан ауып кеткен. 1933 жылға қарай қазақ өлкесі толығымен бос қалды. Тек 1932 жылға қарай билік адамдарға бұлай жасауға болмайтынын түсіне бастады. Оның үстіне көшпелі қазақтар егіншілік, балық аулау сияқты кәсіппен айналыспайтын. Сондықтан да қазақ халқы отырықшы халықтарға қарағанда аштықтан қатты зардап шекті. Ұжымдастырудың өздері күткен нәтиже бермейтіні белгілі болды. Қазақстаннан Мәскеуге «Бесеудің хаты» жолданды: Гатауллин, Дәулетғалиев, Мүсірепов және Тұрар Рысқұлов «Филипп Голощекин бастаған бағыт нәтиже бермеді, керісінше, адам шошырлық ашаршылық тудырды» деп жазды.

Тек 1933 жылы ашаршылықтың қандай ауқымда болғаны Мәскеуге жеткенде ғана билік мүлік алуды тоқтатып, ашыққандарға көмек көрсете бастады. 1939 жылы Ресейдің Волгоград, Қорған, Түмен облыстарына барған қазақтарды кері қайтара бастады. Өзбекстаннан да қазақтар орала бастады. Ал Шығыс өңірдегі қазақтар Қытайға көшкенде әскер оларға шекараны бұзушылар ретінде қарап, ату жазасына дейін қатал шаралар қолданған. Бұл туралы да құжаттық дәлелдер бар.

– Қазақстандағы ашаршылықтың демографиялық салдары қандай? Бұл қасірет болмағанда қазақтар саны бұрынғыдан әлдеқайда көп болар еді деген пікірлер айтылып жүр?

- Иә, мен де ол пікірлерді естідім. Асылында, тарих «Не болар еді?», «Қалай болар еді?» деген шартты райды ұнатпайды. Бірақ, қазақтар Ресей империясындағы ең көп тараған халықтарының бірі болғаны – шамамен 5-6 миллион болғаны белгілі. Ахмет Байтұрсынов 6 миллион қазақ бар деп жазған, менің ойымша, ол дұрыс жазды. Бұл ретте Моңғолиядағы, Қытайдағы, Өзбекстан аумағындағы қазақтар есепке алынбаған. Мысалы, ол кезде қырғыздар шамамен 500 мың адам еді. Ресей империясындағы халық санақтары мұқият жүргізілмесе де, қазақтардың саны 4 миллионнан асқанын көрсететін. Жоғарыда атап өткенімдей, 1939 жылға дейін халық саны азая берді, бұл азаю 1950 жылдардың аяғына дейін жалғасты. Бәлкім, бұдан да аз болар ма едік. Біздің этнос ретінде сақталып қалғанымыз туысқандық сезімдеріміздің арқасы шығар, өйткені қазақтар әрқашан туыстарына көмектесуге тырысқан. Тарихта бізден де ірі этностардың Қазақстандағы ашаршылыққа ұқсас ауқымды апаттардан аман қалмай, жойылып кеткен. 1960-1970 жылдары бізде бала туу өте жоғары болды – жыл сайын 27-30 пайызға арту 1920-40 жылдардағы шығындарды ішінара толықтырды.

Жалпы, ашаршылыққа большевиктердің саясаты себеп болды. Большевиктер неге өз әрекетінің салдарын түсінбеді деп таң қалатын едім. Өкінішке орай, большевиктердің көпшлігі жартылай сауатты адамдар болды және олар тек марксизм-ленинизмнің таптық күрес теориясымен қаруланған еді, яғни жеке меншікті теріске шығару ұстанымдарына берік болды. Кеңес үкіметі кезінде жеке меншік болған жоқ. Жеке меншік институты Кеңес үкіметінің саясатына қарсы тұра алмайтындай етіп, «кулачье мен бай элементін» қарусыздандыру үшін мақсатты және жүйелі түрде жойылды. Бұл туралы біздің «Правда о голоде», «Смутное время» кітаптарымызда айтылған және осының барлығы архивтік құжаттарда бар.

– Ашаршылық пен азық-түлік тапшылығы кезеңдерін зерттейтін қазақстандық тарихшылар қай бағытта жұмыс істеп жатыр?

– 1920-30 жылдары да, 1941-45 жылдары да халықтың өлімі мен көші-қонының нақты есебі жүргізілмегенін ескеру қажет. Тіпті 1941 жылы Қазақстаннан қанша адам майданға шақырылғаны да белгісіз. Кеңес билігі үшін адам аса құнды болған жоқ және статистика нақты болмады. Көптеген адамдардың қайда және қашан қайтыс болғаны, отбасыларының қайда екені белгісіз. Егер сарбаз тұтқынға немесе қоршауға алынса, оның отбасы алып отырған мардымсыз жәрдемақыларынан да айырылған. Тек 1947 жылы күйеуі мен әкелері қоршауда қалған адамдарға жәрдемақы беріле бастады.

Қазақстандағы ашаршылық туралы шынайы мәліметтер алу үшін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан архивтері көп нәрсе бере алады. Онда аштықтан қашқан қазақтарды «қоныс аударушылар» деп атаған. Оларды есепке алған, жәрдемақы берген, жұмысқа, соның ішінде колхоздарға да қабылдаған.

Сонымен бірге, мен АҚШ-тағы Гувер архивінде жұмыс істедім. Онда тәркілеу және ұжымдастыру кезеңінде болған қазақтардың көтерілістері туралы көптеген материалдар бар. Қазақтар милицияға және Қызыл Армия бөлімдеріне қайратты қарсылық көрсеткен, кейде қоныс маңайынан ұшып бара жатқан ұшақтарды оқпен атып түсірген жағдайлар сипатталады. Әрине, Кеңес үкіметі көтерілісшілерді аяусыз басып-жаншыды. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы бойынша осы оқиғаларды баяндайтын көптеген құжаттар табылды. Ұжымдастыруға қарсы 1930 жылы болған көтерілістердің бірін сол кезде Қазақстанда болған поляк сипаттайды, ал мен оның деректерін «Қызыл және қара» кітабында келтірдім. Ол «Мыңдаған жылдар бойы өз дәстүрлерімен өмір сүрген халық өзін сындырып, мүлкін тартып ала бастағанда бұлік шығарды» деп жазған. Мұндай естеліктерді біздің архивтерде сақталатын ОГПУ құжаттары да растайды. Көтерілістердің басшылары мен қатысушылары «Бандитизм» үшін қылмыстық жауапқа тартылып отырған.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар