+7 (701) 759 90 19
USD 389.81 EUR 430.27
RUB 6.06 CNY 54.91
Jańalyqtar

Қазақстандағы апта ішіндегі жаңа тағайындаулар

2019 жылғы 26 мамыр 10:44
Бөлісіңіз:
Қазақстандағы апта ішіндегі жаңа тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде екі министрлікке қарасты комитеттерде басшылық ауысып, Солтүстік Қазақстан облысының жаңа прокуроры қызметіне кірісті. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған кадрлық ауыс-түйіс шолуын оқырман назарына ұсынады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Ләззат Сүйіндік министрлікке қарасты Ақпарат комитетінің төрайымы лауазымына тағайындалды.

Ләззат Кеңесқызы 1985 жылы 26 шілдеде дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қарағанды экономикалық Қазтұтынуодағы университетін, Ұлыбританиядағы Шеффилд университетін тәмамдаған, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты. 2005 жылы ҚР Жастар конгресінің қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері болып жұмыс істеді. 2005-2006 жылдары - «Парасат» ақпараттық-талдамалық орталығы» ҚБ бас маманы. 2006-2008 жылдары - Астана қаласы әкімдігінің Ішкі саясат департаментінің ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің сарапшысы. 2008-2014 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінде түрлі қызметтер атқарды. 2014-2016 жылдары - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті Электронды БАҚ басқармасының басшысы. 2016 жылы 4 шілдеден Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болған.

Сонымен қатар осы министрлікке қарасты Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары лауазымына Малика Нұрымова тағайындалды.

Малика Нұрымова Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Еуразия гуманитарлық институтын бітірген. 2008 - 2010 жылдары - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Әкімшілік жұмыс және халықаралық ынтымақтастық департаментінің сарапшысы. 2010 - 2011 жылдары - ҚР Мәдениет министрлігінің Қаржы және ұйымдастыру-құқықтық жұмыстар департаментінің сарапшысы. 2011 - 2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің сарапшы, кеңесшісі. 2016 - 2019 жылдары ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінің бас сарапшысы, министрдің көмекшісі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің көмекшісі қызметтерін атқарған.

ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Анар Сайранқызы Абылқасова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрайымы болып тағайындалды

А. Абылқасова 1976 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде журналистика кафедрасының оқытушысы ретінде бастаған. 2000-2004 жылдары - Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, аға оқытушысы. 2004-2009 жылдары - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының аға оқытушысы, доценті. 2009-2015 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымында жұмыс істеді: Хатшылық сарапшысы; Талдау орталығының сектор меңгерушісі, кеңесші; Ситуациялық орталықтың сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2015 жылғы шілдеден бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Талдау бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды.

Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары қызметіне Құрманғали Тасмағамбетов кірісті.

Құрманғали Нұрғалиұлы 1959 жылдың 12 маусымында Гурьев облысы (қазіргі Атырау) Махамбет ауданы Новобогат ауылында дүниеге келген. Гурьев педагогикалық институтын, Атырау мұнай және газ институтын бітірген. Еңбек жолын 1984 жылы орта мектепте мұғалім болып бастаған. 1986-1988 жылдары аралығында Махамбет ауданының мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының мұғалімі, 1988-1991 жылдары Махамбеттегі сырттай-кешкі мектептің директоры, 1991-1992 жылдары Махамбет ОӨК шебері болып жұмыс істеген. 1992-1995 жылдары Махамбет ауданының фильмотекасын басқарса, 1995-1997 жылдар аралығында «Мерей» фирмасына жетекшілік еткен. 2002-2019 жылдар аралығында Атырау және Ақтөбе облысында Кедендік бақылау департаментін басқарып, Маңғыстау облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.

Мемлекет басшысының келісімімен Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры болып Бағбан Тайымбетов тағайындалды.

Бағбан Тайымбетов 1963 жылы туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Прокуратура органдарындағы қызметін 1989 жылы бастаған. Басшылық лауазымдарда еңбек тәжірибесі мол. Қарағанды, Қызылорда облысы және Алматы қаласы прокурорларының орынбасары, сондай-ақ Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысының прокуроры болған. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 27 жылдан астам. Заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі жетістігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. 3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені бар.

Қанат Әуесбай «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры қызметіне тағайындалды.

Ол Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, аспирантурасын бітіріп, «Қазақ телеарналарындағы ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған, филология ғылымдарының кандидаты. ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясының стипендианты. 2013-2014 жылдары Ұлыбританияның Норвич қаласындағы Шығыс Англия университетінде оқыды (University of East Anglia, Norwich). 2016 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда бітірген. Қызмет жолын «Түркістан» халықаралық газетінің тілшісі болып бастаған. Әр жылдары «31» арнаның «Информбюро» жаңалық қызметінің тілшісі, «Қазақстан» ұлттық арнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар Дирекциясында (АСБД) тілші, аға тілші, редактор-сарапшы, Қазақстан Президентінің журналистік пул тілшісі, «Апта.kz» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының шеф-редакторы, жүргізушісі, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры, «BNews» ақпарат порталының сарапшысы болды. 2018 жылдан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінің аға сарапшысы, «Astana» арнасында «RRuh.kz» ток-шоуының жүргізушісі, сценарисі болды. 2011 жылдан бері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің доценті қызметін атқарды.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT