+7 (701) 759 90 19
USD 388.07 EUR 427.54
RUB 6.08 CNY 55.36
Jańalyqtar

Қазақстандағы апта ішіндегі жаңа кадрлық тағайындаулар

2019 жылғы 6 қазан 14:28
Бөлісіңіз:
Қазақстандағы апта ішіндегі жаңа кадрлық тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада Қазақстанның бірқатар Елшілері және аудан әкімдері қайта тағайындалып, белгілі журналистер қызмет ауыстырды. ҚазАқпарат агенттігі 30 қыркүйек – 6 қазан аралығындағы басты тағайындауларға шолу ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
Елордада ТЖД-ның жаңа басшысы тағайындалды «Охотзоопром» кәсіпорнына жаңа басшы келді Ақтөбеде облыс әкімінің орынбасары тағайындалды

Апта басында бірқатар мемлекеттерде Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшілері тағайындалды.

Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілі Берік Сақбайұлы Арын Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Раушан Кәкімсейітқызы Есболатова Қазақстан Республикасының Мьянма Одағы Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.

Сәйкесінше, Дәулет Қасекенұлы Батырашев Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов – Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Сержан Оралбайұлы Әбдікәрімов – Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Жәнібек Жарасқанұлы Әбдірашов – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков – Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Сатыбалды Ересұлы Бұршақов – Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Корей Халық-Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылған Шахрат Шәкизатұлы Нұрышев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.

Шахрат Нұрышев 1972 жылы 20 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Бейжің лингвистикалық университетінің қытай филологиясы факультетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген. 1997 жылдан - ҚР СІМ Үрімжі қаласындағы атташесі, Төлқұжат-виза қызметінің үшінші хатшысы. 1999 жылдан ҚР Қытай Халық Республикасындағы елшілігінің екінші, бірінші хатшысы. 2004 жылдан - ҚР СІМ Азия және Африка департаментінде бөлім бастығы, басқарма бастығы. 2005 жылдан - ҚР ҚХР-дағы елшілігінде кеңесші, ҚР Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығы жанындағы ҚР тұрақты өкілі болған.

2007 жылдан - ҚР ҚХР-дағы елшілігінің кеңесші-елшісі. 2009 жылдан - ҚР Үкіметінің Ауғанстан Ислам Республикасымен ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі арнайы өкілі. Дипломатиялық шені - ІІ класты кеңесші. 2008-2015 жылдары - ҚР Шанхай ынтымақтастық ұйымы мәселелері бойынша ұлттық үйлестірушісі. 2015 жылдан бері Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2015 жылғы қазаннан бері Қазақстан Республикасының Корей Халық-Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарды.

Бұрынғы Парламент депутаты Бірғаным Сарықызы Әйтімова Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Бірғаным Әйтімова 1953 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Орал педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Орта мектептің оқытушысы, кеңшар комсомол комитетінің хатшысы, Орал облыстық комсомол комитетінің сектор, бөлім меңгерушісі, қалалық, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1990-1993 жылдары - ҚР Жоғарғы Кеңесі Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы. 1993-1996 жылдары - ҚР Жастар ісі, туризм және спорт министрі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 1996-2002 жылдары - ҚР Израильдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2002-2004 жылдары - ҚР Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Грекиядағы, Мальтадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 2004-2007 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Білім және ғылым министрі. 2007-2013 жылдары - ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі. Куба Республикасындағы Елші міндетін қоса атқарушы (2007-2013); Соломон аралдарындағы Елші міндетін қоса атқарушы (2012-2013). «Құрмет», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі болып саясаттанушы, тарихшы Берік Әбідғалиұлы тағайындалды.

Берік Әбдіғалиұлы 1971 жылы Ұлытауда дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тарих мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында кітапханашы болып бастаған. Әр жылдары Президент жанындағы Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтында қызмет етті. Бөлім меңгерушісінің орынбасары міндетін атқарған және басшының орынбасары лауазымында болған. Сондай-ақ Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ішкі саясат департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 1999-2000 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығы (Астана) меңгерушісінің орынбасары болды. 2001-2002 жылдары Теміртау қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды. 2012 жылы Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалды және осы жылы Премьер-Министр Кеңсесіне өтіп, бірінші вице-премьердің кеңесшісі болды. 2013 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен. Осы тағайындауға дейін Мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болды, ҚР Ұлттық мұрағатындағы «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығын басқарды.

Ақмола облысының Зеренді ауданының әкімі қызметіне Бауыржан Сейітқалиұлы Ғайса тағайындалды.

Бауыржан Ғайса 1972 жылы Көкшетау облысы Куйбышев ауданында туған. Білімі жоғары, 1996 жылы Челябі мемлекеттік агроинженер университетін «инженер-механик», 2006 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «есеп және аудит бакалавры», 2014 жылы Кутно қаласындағы (Польша) мемлекеттік экономика жоғарғы мектебін «Еуропа Одағындағы мемлекеттің қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы жұмысшы қызметінен бастаған. 1992 жылдың сәуірінен 1994 жылдың желтоқсан аралығында Қостанай облысы Затобол кентінің «Күміс» шағын кәсіпорнында жұмыс істеді. 1994-2011 жылдары бірқатар жеке кәсіпорындардың басшысы болды.

Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына директор болып Асхат Максимұлы Маемиров тағайындалды.

Асхат Маемиров 1974 жылы 12 наурызда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.1991-1995 жылдары Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алған.1996 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма режиссері мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы БҚО қазақ драма театрында актер болып бастады. Кейін қоюшы-режиссер, облыстық халық шаруашылығы орталығында бас режиссер болып жұмыс істеді. Бұдан соң Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы, Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінің актер шеберлігі бөлімінің меңгерушісі, «Қазақстанның рухани даму қоры» АҚ вице-президенті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы «Қазақ әуендері» АҚ президенті болып қызмет етті. 2008 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясымен Сорбонна университетінде және Париж ұлттық өнер консерваториясында білімін жетілдірді. 2010 жылы Ресей театр өнері институтының магистратурасын тәмамдады. 2017 жылдың 12 мамырында ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің бас директоры болып тағайындалды. 2018 жылдың 12 ақпанында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жетекшілік етті және Қаллекиге дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарды.

Сенбі күні 5 қазанда ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев Qazaq kuresi ұлттық федерациясының президенті болып сайланды. Оған дейін федерацияны белгілі журналист Арман Шораев басқарған болатын.

Журналист Нұрбол Қабдылұлы Қапешов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды. Қапешов Нұрбол 1980 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 31 арнадан бастап «Интерньюс Нетуорк» өкілдігінде, Азаттық радиосында, Астана телеарнасында, Қазақстан ұлттық арнасында журналист, редактор қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ, журналист Ержан Айтөреұлы Байтілес Президенттің баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Ержан Байтілес 1981 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келген. 2002 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Журналистика факультетінде білім алған. Еңбек жолын 2001 жылы «Қазақстан» газетінде тілшіліктен бастаған ол 2005-2008 жылдары республикалық «Ақ жол Қазақстан» газетінде аға тілші, 2005-2008 жылдары «Алматы Ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі, «Ақшам-ақпарат» тобының жетекшісі, 2008-2011 жылдары республикалық «Ана тілі» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2011 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінге дейін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болған. Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Тағы бір танымал журналист Құрманек Жұмағали «Астана» телеарнасының бас директоры қызметіне тағайындалды.

Құрманбек Жұмағали Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары «Хабар» телеарнасының продюсері және жүргізушісі, «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар директоры, «Қазақ радиосының» басшысы, «Алматы» телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары Қарағанды облысының әкімі баспасөз қызметінің, Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары болған.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT