Қазақстандағы апта ішіндегі жаңа кадрлық тағайындаулар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен апта ішінде еліміздің өңірлерінде бірқатар кадрлық ауыс-түйістер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аптаның басы Шымкент әкімдігінде бірқатар тағайындаулардан басталды, атап айтқанда Мемлекеттік кірістер департаментіне бұған дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған Нұралхан Көшеров жаңа басшы болып тағайындалды.

Бұдан бөлек, Шымкентте тағы үш басқармаға жаңа басшылар келді, оның ішінде қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы міндетін атқарушы қызметіне Мұрат Базарқұлов тағайындалды. Бұл қызметке дейін ол қалалық Білім бөлімінің басшысы болған еді. Ал, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысы міндетін атқарушы қызметіне Әлия Шалхарова тағайындалды. Сондай-ақ, қалалық Тұрғын үй инспекциясы басқармасының  басшысы міндетін уақытша Марат Оразәлі атқаратын болды.

Сол сияқты осы өңірде ҚР Президентінің Жарлығымен Шымкент әскери гарнизоны сотының төрағасын қызметін  Берік Кәрім атқаратын болды. Берік Сейітжанұлы 1976 жылы Шымкент қаласында туған. Қарағандыдағы ІІМ-нің жоғарғы мектебін бітірген. Еңбек жолын 1997 жылдан құқық қорғау органдарында тергеу саласында бастаған. Сот жүйесіндегі қызметін 2007 жылы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы болып бастаған. 2013 жылдан 2018 жылдың 9 қазанына дейін Төле би аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарған.

Келесі тағайындау 15 қазан күні «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры қызметіне белгілі журналист Құрманбек Жұмағали сайланды.

Құрманбек Жұмағали  1985 жылы 7 тамызда дүниеге келген. 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы «Қазақстан» Ұлттық телерадиокомпаниясының редакторлық бөлімінің штаттан тыс редакторы болып бастаған. Ал,осы қызметінің алдында яғни,  2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болды.

Сонымен қатар, Ақмола облысында да бірқатар тағайындалулар болды. Алдымен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің өкімімен Талғат Бөлтенов Ақмола облысы әкімінің аппарат басшысы қызметіне тағайындалды. Талғат Бөлтенов 1970 жылы туған. Көкшетау ауыл шаруашылығы институтын, Есеп және статистика республикалық салааралық институтын тәмамдаған. Ол еңбек жолын 1999 жылы Ақмола облысының экономика басқармасында бас маман болып бастаған. 2000-2001 жылдары аралығында бөлім басшысы, 2001-2007 жылдары Ақмола облысының экономика және бюджетті жоспарлау департаменті басшысының орынбасары қызметінде болды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ол Ақмола облысы қаржы басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.

Және тағы Елбасының Жарлығымен Айгүл Ахметова Ақмола облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болып тағайындалды. Айгүл Ахметова еңбек жолын 1995 жылы Павлодар облысының аудандық сотында сот отырысының хатшысынан бастап, кейін 2004 жылдан адвокаттық қызметпен айналысқан.

Апта ішінде жаңа тағайындаулар Алматы облысында да болды, облыстың Ақсу және Сарқан аудандарына жаңа әкім тағайындалды. Жаңа басшыларды аймақ әкімі Амандық Баталов  таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ақсу ауданына әкім болып Есім Базарханов тағайындалды. Есім Сейілханұлы бұған дейін төрт жыл бойы аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Сондай-ақ, Сарқан ауданының әкімі болып Марат Разбеков тағайындалды. 1966 жылы туған. Ол бұған дейін осы аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Мамандығы - экономист-бухгалтер. Еңбек жолын 1983 жылы Сарқан шарап зауытының жұмысшысы болып бастаған. Аудан әкімі қызметіне дейін 06.04.2010 -13.12.2010 жылы Сарқан ауданы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары, 13.12.2010 жылдан осы уақытқа дейін Сарқан ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болған.

Аталған облыстан бөлек 17 қазан күні Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланың активімен кездесу барысында  денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Қанат Төсекбаевты таныстырған болатын. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасын басқарған. Қазақ мемлекеттік медицина университетінің және Ганновер жоғары медицина мектебінің түлегі. https://kaz.inform.kz/news/almaty-kalalyk-densaulyk-saktau-baskarmasyna-zhana-basshy-tagayyndaldy_a3425706

Дәл осы күні Астанада ҚР Қаржы министрлігі хабарлағандай Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы лауазымына Бақытбек Тәшенев тағайындалды. Осы қызметке дейін Бақытбек Тәшенев Астана қаласындағы «Оңалту және активтерді басқару компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы болып жұмыс істеген. Бақытбек Тәшенев 1941 жылы Алматы қаласында д.ниеге келген. Ол Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын және Қазақ гуманитарлық-заң университетін инженер - экономист және заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Келесі 18 қазан күні дәл осы Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетіне Марат Сұлтанғазиев басшы болып тағайындалды. Ол осы лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған. Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Білімі бойынша - экономист-қаржыгер, заңгер, іскер әкімшілік магистрі, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын және Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген.

18 қазан күні «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Илья Теренченко партия хатшысы қызметіне тағайындалды. Илья Теренченко 1983 жылы 15 қарашада Павлодар қаласында туған. Заңгер, қаржы және кредит, сондай-ақ, саясаттану мамандықтары бойынша жоғары білім алған. 2006 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының мүшесі.  Бірнеше жыл бизнес саласында жұмыс істеген ол Павлодар облысында кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалын басқарған. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Ал 2016 жылдың сәуір айынан бастап бүгінге дейін «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.

Апта соңы Жамбыл облысы әкімінің орынбасырының тағайындалуымен аяқталды. Өңір басшысының өкімімен Мұратхан Шүкеев Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

58 жастағы Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеев Еңбек Қызыл ту орденді Қазақ ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірген. Луговой аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. Кейіннен «Восток» ұжымшарында және «Ақ ниет» ТК бас агрономы «МТС-Интеграция» ЖШС директоры, Рысқұлов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарды. Байзақ ауданының әкімі болды. 2017 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етті.

 

Соңғы жаңалықтар