Қазақстандағы апта ішінде болған жаңа кадрлық тағайындаулар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада еліміздегі бірқатар салада кадрлық ауыс-түйіс болды. «ҚазАқпарат» ХАА апта ішінде болған тағайындауларға шолу жасайды.

Апта басында Шымкент қаласының әкімі болып Мұрат Әйтенов тағайындалды.

Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов 1981 жылы 30 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласында дүниеге келген. 2004 жылы С.М. Штеменко атындағы Краснодар әскери институтын «Ұйымдастыру және ақпаратты қорғау технологиясы» мамандығы бойынша бітірген. 2011 жылы Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетін «заңтану» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын Астана қаласында 2004 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі жанындағы арнайы байланыс бөлімінің кезекшілік ауысымының аға инженер-бастығы болып бастаған. 2006-2008 жылдары - ҚР ПІБ «Астана-Өнім» АҚ шаруашылық ауласының меңгерушісі. 2008-2010 жылдары - ҚР ПІБ ведомстволық қарасты ұйымдарды басқару жөніндегі бөлімнің өндірістік қызметті үйлестіру секторының сарапшысы. 2010-2012 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2012-2013 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі. 2013-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының аппарат басшысы лауазымына тағайындалды. 2017-2019 жылдары ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары 2019 жылғы желтоқсаннан бері Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болған.

***

Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды.

Әбілқайыр Сқақов 1974 жылы Павлодар облысында туған. Ақмола қаржы-экономикалық техникумын (салық бойынша қаржыгер, 1995 жыл); Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін (экономист және қаржыгер, 2000 жыл); Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын (бакалавр-заңгер, 2004 жыл); М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін («Master of Business Administration» іскерлік әкімшілік шеберінің дәрежесі,2017 жыл) аяқтаған. Еңбек өтілі: - 1995 жылдан 2005 жылға дейін - Павлодар облысы бойынша салық инспекциясының маманы, салық инспекторы, аға салық инспекторы, бөлім бастығы, Павлодар қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары; - 2005-2006 жылдары - Павлодар облысы Қашыр ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы; - 2006-2008 жылдары - Павлодар облысы Денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары (экономика және қаржы бойынша); - 2008-2010 жылдары - Павлодар облысы бойынша Салық департаментінің Павлодар қаласы бойынша салық басқармасының бастығы; - 2010-2012 жылдары - Қостанай облысы бойынша Салық департаментінің бастығы: - 2012-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының орынбасары; - 2014 жылдан 2016 жылға дейін - Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы; - 2016 жылғы 1 желтоқсаннан – 2019 жылдың сәуіріне дейін – Қорғаныс министрінің орынбасары (экономика және қаржы бойынша). - 2019 жылдың сәуірінен соңғы тағайындауға дейін ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы болған.

***

Қостанай облысы әкімінің өкімімен Азамат Совхозбайұлы Кашиев Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Азамат Кашиев 1986 жылы 29 тамызда Қостанай облысында дүниеге келген. Жоғары білімі бар. Бұрын Федоров ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Айта кету керек, Азамат Кашиев Президенттік Жастар кадрлық резервіне енген үш жүз үміткердің қатарына кірді. Архимед Мұхамбетов басқарманың жаңа басшысына мемлекеттік қызмет көрсету мен ақпараттандыру саласының жұмысын жандандыруды тапсырды.

***

Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі қызметкерлерінің қатарына Президенттік кадр резервінен 3 адам тағайындалды.

Экологиялық реттеу жəне бақылау комитеті Нұр-Сұлтан қаласы Экология департаменті басшысы қызметіне Дəурен Ғанибекұлы Қазантаев тағайындалды. Ол 2005 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін экономист-халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Бұрын Қазақстанның Энергетика министрлігі басшысының кеңесшісі болған.

Қазақстанның Экология министрлігі Климаттық саясат жəне жасыл технологиялар департаменті директоры орынбасары болып Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті гуманитарлық ғылымдар магистрі Зүлфия Болатқызы Сүлейменова келді. З. Болатқызы Ұлттық саяси зерттеулер институтының (Жапония) Phd дəрежесін алмақ. Бұрын ол БҰҰ Азия жəне Тынық мұхиты, Бангкок (Тайланд) елдеріне арналған Экономикалық жəне Əлеуметтік Комисия Қоршаған орта жəне даму департаментінің экологиялық мəселелері жөніндегі консультанты болған.

Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі Əкімшілік жұмыс департаментінің директоры болып Акзан Рашидович Ширанов тағайындалды. Ол 2005 жылы Н. Э. Бауман атындағы Мəскеу мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Тағайындалуға дейін Қазақстанның Энергетика министрінің көмекшісі қызметін атқарған. Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Президенттік кадрлық резерв құрамына ену зор құрмет пен жауапкершілік екенін атап өтті.

***

Президенттік кадр резервінің тағы бір мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов Жоғарғы Сот аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Н.Байтілесов 1991 жылы туған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша, Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетін «экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірген. Заң ғылымдарының магистрі. 2009 жылдан бастап Астана қаласы Алматы аудандық сотының жетекші маманы, бас маман-сот отырысының хатшысы, сот приставы, бас маманы, Атырау, Павлодар облыстық соттарының кеңсесі басшысының орынбасары, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің бас консультанты болып қызмет атқарған. 2016 жылдан бастап 2018 жылға дейін – Әскери сот әкімшісінің басшысы, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Халықаралық байланыстар және Протокол бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Осы тағайындауға дейін Шымкент қаласының Соттар әкімшісінің басшысы болды.

Сондай-ақ, Президенттің жастар кадр резервінің мүшесі Ардақ Өтепов ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Ардақ Өтепов бұған дейін «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының стратегиялық жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды.

Өтепов Ардақ Төлтайұлы 1984 жылы Целиноград (Нұр-Сұлтан) қаласында дүниеге келген. Туған қаласында Басқару институтын, Алматыдағы Азаматтық авиация академиясын, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын және АҚШ-тың Калифиорния университетін тәмамдаған. Өзінің еңбек жолын 2007 жылы Азаматтық авиация комитетінің ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау басқармасының авиациялық қауіпсіздік бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. 2010-2011 жылдары басқарма сарапшысы, сосын 2014 жылға дейін халықаралық қатынастар басқармасының бастығы болды. 2014-2018 жылдары «Қазаэронавигация» РМК стратегиялық жоспарлау және сапа департаментінің ғылыми-техникалық ақпарат бөліміне басшылық етті. 2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Қазаэронавигация» РМК стратегиялық жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары лауазымында болды.


Соңғы жаңалықтар