Қазақстандағы әлсіз банктерді жабу процесі аяқталып қалды - Ұлттық банк төрағасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев «Халық банк» пен «Қазкоммерцбанктің» бірігу процесіне қалыпты жағдай деп баға берді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Банк секторындағы айтулы оқиғалардың бірі - «Халық банк» пен «Қазкоммерцбанктің» бірігуі екені анық. «Халық банк» қазіргі уақытта еліміздегі банк секторына тиесілі активтердің 34 пайызына ие. Бұл - қалыпты жағдай. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде, мәселен Ұлыбритания, Италия, Швейцария, Франция, Ресейде бүкіл нарықтың 30 пайызына ие ірі банктер баршылық», - деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы Қазақстанда ішкі және сыртқы нарықта шетелдік ойыншылармен бәсекелесе алатындай ірі қаржылық институт болуы керектігін атап өтті.

«Өткен жылы нарықтан әлсіз ойыншыларды ысыру жұмысы жалғасын тапты. Тәуекелге бару қаупі жоғары үш банк лицензиядан айырылды. Бұл банктерді жабу процесі шегіне жетіп қалды. Қазірдің өзінде депозиттерді кепілдендіру жүйесінен төлемдер жүргізіліп жатыр. Бұның бәрі ешқандай бюрократиясыз, заңнамалық тұрғыда әрі барынша жылдам, азаматтар үшін ыңғайлы жағдайда жүргізілуде», - деді Данияр Ақышев.

Еске сала кетсек, Үкімет үйінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр. Елбасының қатысуымен Үкіметтің мұндай отырысы жыл басында тұрақты түрде өткізіледі. Бүгінгі жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктер басшылары қатысуда.

Соңғы жаңалықтар