Қазақстандағы әлеуметтік сауалнама: Респонденттердің 58,5% коронавирус вакцинасын қолдаған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл тамыз айында елімізде коронавирус пандемиясымен күрес бойынша «Ел үшін егілемін» азаматтық штабы құрылған болатын. Штабтың мақсаты, қызметі, жоспары жайында ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан заңгерлер одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, азаматтық штабтың белсендісі Серік Беркамалов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Штабтың мақсаты – COVID-19- ға қатысты барынша шынайы ақпарат таратып, азаматтарды вакцина алуға үгіттеу.

Ұйымдастырушлар елімізді қалыпты, ковидке дейінгі өмірге қайтаруды мақсат етіп отыр. Ал, бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, халықтың 70-80 пайызын егу арқылы мүмкін болмақ»,- дейді Серік Беркамалов.

Оның айтуынша, вакцинация туралы халыққа шынайы ақпарат таратуға қол ұшын бермек белсенділер арасында Вячеслав Локшин, Жібек Жолдасова, Рафаил Розенсон, Динара Сәтжан, Рахым Ошақбаев, Әсел Қараулова, Саида Тәукелева, Майра Измайлова, сондай-ақ, белгілі медицина мамандары, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен қоғам қайраткерлері, сарапшылар бар.

«Бастамашыл топқа 200-ден астам жоғары кәсіби маман кірді. Олар өз білімдерін, кәсіби тәжірибелерін және басқа да ресурстарын елді вакцинаға қатысты хаостан шығару үшін жұмсауға дайын»,- деп атап өтті спикер.

Серік Беркамалов азаматтық штабтың «қарсымын және қарсы емеспін» тәуелсіз әлеуметтік сауалнамасының нәтижесі жайлы айтып берді.

«Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларынан 18 және одан жоғары жастағы 2 559 респондент қатысты. Қатысқандардың 11,9% жалпы екпелерге қарсы болса, COVID-19-ға қарсы вакцинаға 24,2% қарсы.

Сұралғандардың 69,9% жалпы екпелерді, ал 58,5% COVID-19-ға қарсы вакцинаны қолдайды.

Жалпы вакцинацияға респонденттердің 18,5%, ал COVID-19-ға қарсы екпеге 17,4% бейтарап пікір білдірді.

Өңірлер бойынша айтар болсақ, COVID-19-ға қарсы вакцинаға қарсылық танытқандар саны бойынша Солтүстік Қазақстан (46%), Атырау облысы (37,8%) және Алматы облысы (35,2 %) алда.

Коронавирусқа қарсы вакцинаға бейтарап пікір білдірген өңірлер - Түркістан облысы (7,1%), Батыс Қазақстан облысы (10,8 %) және Жамбыл облысы (11,8%). Түркістан облысы вакцинация бойынша көш бастап, коронавирус инфекциясына қатысты «жасыл» аймаққа ауысқанын білдіреді»,- деді заңгер.

Сауалнаманың нәтижесі бойынша коронавирсқа қарсы вакцинаны Қазақстан халқының басым бөлігі қолдайды және вакцинаны қауіпсіз санайды. Респонденттердің тек 2% вакцинаның денсаулыққа ұзақ жанама әсері барын атап өткен.

«Штабтың алдағы жоспары - COVID-19- ға қатысты барынша шынайы ақпарат таратып, азаматтарды вакцина алуға үгіттеуді жалғастыру. COVID-19-ға қарсы вакцинаға сенімі төмен аймақтарда ақпараттық жұмысты қалыпқа келтіру. Нысаналы топтармен нақты жұмыс жүргізу қажет. Жаппай үгіттеумен қатар, жаңа тәсілдерді, әлеуметтік желілерді пайдалану қажет. Сондай-ақ, QazVac отандық вакцинасын насихаттау - азаматтық штабтың жоспарына кіреді»,- деп сөзін қорытындылады Серік Беркамалов.


Соңғы жаңалықтар