Қазақстандағы 98 арнайы мектептің бәрі қайта жабдықтауға мұқтаж - Болат Жәмішев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстан халқына» қоры қыркүйек айында азаматтық қоғам өкілдерімен, «Қазақстан халқына» қорының донорларымен онлайн конференция өткізеді. Бұл туралы қордың төрағасы Болат Жәмішев Ақордада айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады.

«Қазіргі уақытта қор 10 жобаны жүзеге асырып жатыр. Негізінен бұл медицина саласындағы жобалар, сондай-ақ ерекше балаларды әлеуметтік оңалту, медициналық оңалту, ауыл мектептеріндегі білім деңгейін көтеруге қатысты жобалар бар. Арнайы мектептерді жабдықтау бойынша да шаралар атқарылады. Қазақстанда 98 арнайы мектеп бар, олардың бәрі қайта жабдықтауға мұқтаж. Біз сирек кездесетін аурулармен ауыратын балаларды дәрі-дәрмекпен қамту бағытында да жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан да басқа жобалар туралы Президентке баяндадым», - деді Болат Жәмішев Ақордада берген сұхбатында.


Оның айтуынша, Президент қордың тұжырымдамасын қалың көпшілікпен тағы бір талқылау қажеттігін ұсынған.

«Менің ойымша, бұл бүгінгі күннің өзекті міндеті. Әлі де қор жұмыс істеуі қажет бірқатар бағыт бар екені анық. Бұл бағыттар азаматтық қоғам өкілдерімен, «Қазақстан халқына» қорының донорлары болған мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге айқындалса жақсы болар еді. Біз қыркүйек айының басында осы құрылымдардың өкілдерімен үлкен онлайн конференция өткіземіз», - деді Болат Жәмішев.


Соңғы жаңалықтар