Қазақстанда зиянды газдарды қадағалайтын станса пайда болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев зиянды газдардың таралуын бақылайтын стансаны орнату жоспары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда Халықаралық мониторинг жүйесі деп аталатын 5 станса бар, бұл стансалар тұтас жер шарын қамтиды. Олар сейсмикалық әрі инфрадыбыстық болғандықтан, ядролық сынақтарды анықтауға қауқарлы. Бүгінде канадалық серіктестермен кезекті жобаны аяқтап қалдық, яғни газдың таралуын бақылау бойынша Қазақстан аумағында тиісті стансаны орнату ескерілген. Осы орайда салынған станса Халықаралық мониторинг жүйесіне енгізіледі деп үміттенеміз», - деді Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Е.Ашықбаев.

Бұдан бұрын хабарланғанда, бүгін Мәжілісте «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

«Семей сынақ полигонын жабу туралы Елбасының тарихи шешімі Қазақстан халқының кең қолдауына ие. Шартты ратификациялау Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларымен толықтай сәйкес келеді. Осы заң жобасын қабылдау республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат бөлуді талап етпейді», - деді Ержан Ашықбаев.

Соңғы жаңалықтар