Қазақстанда жылыту маусымына дайындық қалай
«Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін негізгі көмір өндірушілер – Шұбаркөл мен Қаражыра болып отыр. Биылғы 7 айда халыққа және бюджеттік ұйымдарға 4,5 млн тонна көмір тиелген, бұл өткен жылғы кезеңнен 10%-ға көбірек. Өткен жылы ауа райының ерте салқындауынан кей өңірлерде көмір сатып алуға үлкен кезек болғаны белгілі, бұл халықтың дүрлігуіне себеп болды. Биыл оған жол бермеу керек», - деді Ілияс Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, өңірлер, соның ішінде тұрғындардың өзі көмір қорын уақытылы сатып алмағаны анықталды. Екінші себеп – сұраныстың шамадан тыс көбейіп, жүктеменің артуы.
«Келесі жылыту кезеңіне (2022-2023 жылдар) халықты көмірмен алдын ала қамтамасыз етуге дайындық биылғы наурыз айында, өткен жылыту маусымынан кейін басталды. Барлық тұрғындарды суық түскенше көмір қорын сатып алуға кеңес беремін», - деді Ілияс Оспанов.
Министрлік алдағы жылыту кезеңіне бюджеттік ұйымдар мен тұрғындар үшін көмір қажеттілігі жоспарын құрған.
«Осы жоспарға сәйкес шамамен 9,6 млн тонна көмір тұтынылады, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 2,6 млн тонна, тұрғындарға – 7 млн тонна көмір қарастырылған. Тұрғындардан басқа, бюджеттік ұйымдар мен стратегиялық нысандар да сол көмірді пайдаланатынын ескеру қажет», - деді комитет төрағасы.
Фото: ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі