Қазақстанда жылқы етінің бағасы бір жылда 16,5 пайызға қымбаттаған

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жартыжылдықта шаруашылықтарда сойылған және союға өткізілген жылқы етінің көлемі - 125 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Energyprom ресурсына сілтеме жасап.

6 ай ішінде ең көп жылқы Түркістан облысында сойылған. Бұл өңірде сойылған малдың таза етінің салмағы 7,5 мың тоннаны құраған. Көшбасшылар үштігіне Абай (сойылғаннан кейінгі ет салмағы - 7,1 мың тонна) және Ақтөбе (сойылғаннан кейінгі ет салмағы - 5,5 мың тонна) облыстары да кірді.

1 шілдедегі ақпарат бойынша елімізде 4,1 млн бас жылқы бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға көп. Аталған мал басы көп өңірлер - Түркістан, Қарағанды және Абай облыстары.

Шілде айында елдің базарлары мен дүкендерінде жылқы етінің келісі 2 900 теңгеден саудаланды. Ал, өткен жылы ет бағасы 16,5 пайызға төмен болған еді.

Баға шарықтаған аймақтар қатарын Солтүстік Қазақстан облысы бастап тұр. Мұнда жылқы етінің құны 28,8 пайызға өскен. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласында да баға көтерілген. Ең төменгі жылдық өсім Қызылорда облысында тіркелді. Онда жылқы еті 4,5 пайызға қымбаттаған.


Соңғы жаңалықтар