Қазақстанда жыл соңына дейін 4,4 мың км автожол қайта жаңартылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері автожол саласында 2,4 мың км республикалық маңызы бар автожол салынды және қайта жаңартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2019 жылы Қарағандыдан Алматыға дейін және Ақтөбеден Ресей Федерациясының шекарасына дейін (Астрахан қаласына) құрылыс жұмыстары басталды. Жыл қорытындысы бойынша 641 км қайта жаңартылған жолда қозғалыс ашу жоспарланған. Нұр-Сұлтан-Павлодар (441 км), Щучинск-Зеренді (80 км), Бейнеу-Ақжігіт (85 км), Таскескен-Бақты (20 км), Жетібай-Жаңаөзен (73 км) жобалары бойынша жұмыстар толық аяқталады», - деп хабарлады ҚР ИИДМ басшысы Роман Скляр Қазақстан халқымен есепті кездесуінде.

Оның мәліметінше, республикалық маңызы бар автожолдардың 1,5 мың шақырымын жөндеумен қамту көзделген. Автомобиль жолдарын нормативтік күтіп ұстау мен сақтауды қамтамасыз ету мақсатында жол жүру үшін ақы алу жүйесін енгізу жөніндегі жобаларды іске асыру жалғасуда. Биылғы жылдың басында жалпы ұзындығы 471 км болатын Алматы-Қорғас (295 км), Алматы-Қапшағай (42 км) және Астана-Теміртау (134 км) жол учаскелерінде төлем жинау басталды. Тұтастай алғанда, 2019 жылдың қорытындысы бойынша ақылы учаскелерден (4 учаске) жиналатынжыл сайынғы алым (осы автожолдарды күтіп ұстауға арналған қаржыландырудың нормативтік қажеттілігі 3,2 млрд. теңге болғанда)шамамен 5,4 млрд.теңгені құрайды.

Келесі жылы тағы 5,5 мың шақырымға ақы алу жүйесін іске қосу жоспарлануда, бұл автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың өңіраралық инфрақұрылымды жүйелі дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2018 жылы жергілікті желінің автожолдарын қаржыландыру тепе-тең негізде 156 млрд. теңгеге дейін жеткендіктен, 4 мың км. астам жолды жөндеуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылдан бастап біз қымбат күрделі жобалардан негізінен суық ресайклинг әдісі арқылы үнемді болатын орташа жөндеуге көшеміз. 2019 жылдан бастап жергілікті жол желісін жөндеуге қаржыландыру көлемі 200 млрд. теңгені құрайды, бұл 5 мың км астам жөндеу жұмыстарымен қамтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Роман Скляр.

3 жылдық кезеңде жергілікті жолдарды қаржыландырудың жыл сайынғы көлемі жылына 5 мың км дейін жөндеу жұмыстарын қамти отырып, 200 млрд.теңгеден кем емес деңгейде сақталатын болады. Мұндай қарқын кейінгі жылдары да сақталады. Бұл 2025 жылға дейін шамамен 30 мың км жөндеуге және жергілікті маңызы бар автожолдардың 95% - ын жақсартуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар