Қазақстанда жыл сайын 4,5 мыңға дейін орман, дала өрті тіркеледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өрт қауіпсіздігіне байланысты 1 мыңнан астам нысанды пайдалану тоқтатылды. Бұл туралы Мәжілістегі азаматтық қорғау жүйесіне қатысты Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл өрт саны 8%-ға азайды (2020 ж. - 9 420, 2021 ж. - 8 662), негізгі мемлекеттік өрт бақылауына түсетін салалардағы, өндірістік мақсаттағы, білім беру және денсаулық сақтау ғимараттары мен құрылыстарындағы, сауда кәсіпорындарындағы өрттердің саны төмендеуінен азайды. Өрттің негізгі себептері: қарапайым талаптар мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын сақтамау, ақаулы электр құралдарын пайдалану, қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларының болмауы. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 99 мың тәртіп бұзушылық анықталған (98 655), 16 мыңнан астам жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 1 мыңнан астам нысанды пайдалану тоқтатылды (1 058)», - деді Ю. Ильин.

Оның айтуынша, өңірлерде цифрландыру аясында онлайн-режимде әкімшілік хаттама жасауға мүмкіндік беретін «ӘІБТ» әкімшілік іс жүргізу жүйесі жоспарлы түрде енгізілді. Тексерулердің ашықтығы мен заңдылығы үшін инспекторлық құрам портативті бейнетіркегіштерді кеңінен қолданады.

«Орман және дала табиғи өрттері халық пен өңірлер үшін үлкен қауіп болып отыр. Жыл сайын орта есеппен еліміз бойынша 4,5 мыңға дейін орман әрі дала өрті болады, бұл ретте жану алаңы шамамен 100 мың гектарды құрайды. Өрттен келген шығын жылына 1,8 миллиард теңгеден асады. Сондықтан өңірлерде тиісті алдын алу жұмыстарын біз жүргіземіз, бірақ ол әрқашан нәтижелі бола бермейді», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, орман-дала қорына іргелес және аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан ауылды елді мекендерді өрттен қорғау әлі нашар күйінде қалып отыр. Оларда мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ, сондықтан әкімдіктерге өрт сөндіру бекеттерін құру міндеті жүктелген. Бұл «Азаматтық қорғау туралы» Заңмен қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар