Қазақстанда жыл сайын 1300 жасөспірім қыз түсік жасатады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде жыл сайын 5 мыңға жуық жасөспірім қыз жүкті болады. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдерімен кездескен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл мәселемен біз үкіметтік емес ұйымдармен, халықаралық ұйымдармен бірлесіп айналысып жатырмыз. БҰҰ-да көмектеседі. Олардың деректеріне сәйкес, 16-18 жас аралығында жасөспірім қыздардың жүкті болуының 4 800-5 000 дерегін тіркейміз. Өкінішке қарай, ерте жыныстық өмірге араласу фактілері бар. Бұған қоса, жыл сайын шамамен дәл осы санаттағы тұрғындардың 1200-1300 түсік жасатуы тіркеледі. Әрине, олардың барлығы да медициналық көрсетілім мен қарсы көрсетілімге сай қауіпсіз жағдайда, қорғалған түрде жүргізіледі», - деді ол.

Оның айтуынша, түсік жасату заңды түрде жүргізілуі қажет. Дәрігерлер мұндай жағдайды бақылауында ұстап отыруы тиіс.

«Жүкті қызды учаскелік дәрігер немесе емханалардың жанынан құрылатын Жасөспірімдер денсаулығы орталығының дәрігері мұндай шешімді ата-анасының қабылдауына көндіру қажет. Олар неге және қандай қаупі бар екендігін түсіндіруі тиіс. Медициналық мекемеден тыс жағдайда жүктілікті үзу өте қауіпті. Қыздар денсаулығына нұқсан келтірумен қатар, болашақта ана болу құқығынан, тіпті өмірлерінен айырылуы мүмкін. Мұндай проблема бар және оған көз жұма қарауға болмайды. Кейбіреулер мұны мектептің емес, ата-ананың мәселесі екендігін айтады. Алайда, өкінішке қарай ата-аналардың барлығы бұл жағдайды жете түсіне бермейді. Сондықтан біз кодекске мектептерге нақты жауапкершілік жүктеп, бағдарлама жүргізуді ұсындық. Сөз репродуктивті денсаулықты қорғау жайында болып отыр», - деді Елжан Біртанов.


Соңғы жаңалықтар