Қазақстанда жыл сайын 100-ге жуық баланың өлімі судан болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда бір жылда 100-ге жуық бала суға кетіп, көз жұмады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство судағы қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін балаларды жүзуге үйретудің кешенді шараларын қолға алмақшы.

«Неғұрлым көп балаға жүзуді үйретсек, суға кету жағдайлары да соғұрлым азаяды. Балалардың суға кетуі көбінесе ата-ананың қараусыз қалдыруынан болады. Тіпті, адам бататындай су болмаған жерде де бала өлімі тіркеліп жатыр. Жуықта ғана бір бала арыққа құлап көз жұмса, 2017 жылы бір сәби аулада тұрған ыдыстағы суға тұншыққан», - дейді Юрий Ильин.

Министр орынбасарының айтуынша, ең көп бала өлімі Түркістан облысында тіркелген.

«Өкінішке қарай, аталмыш өңірде қаралы сандар өсіп келеді. Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында да бала өлімі жиі тіркеледі», - деді ол.

Атап өтілгендей, елімізде 107 қалалық және 500 жекеменшік жағажай белгіленген. Ал шомылуға болмайтын 1 мыңнан астам орын анықталып, оларға 1510 ескерту белгісі, 378 көрнекі стенд ілінген.

«Көрнекі ақпараттардағы қайғылы оқиғалар туралы деректер шомылушыларға ой салады деп үміттенеміз», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар