Қазақстанда жыл басынан киік браконьерлігіне қатысты 56 дерек анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың басынан бері Қазақстан аумағында 56 киік браконьерлігі анықталды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Браконьерлікті анықтау және жолын кесу жұмыстарын күшейту мақсатында жыл сайын біздің министрліктің, ІІМ мен ҰҚК-нің бірлескен бұйрығымен көктемгі және қысқы кезеңдерде ауқымды «Киік» табиғат қорғау акциясын өткізу жоспары бекітіледі. Осы науқан аясында алдын алу іс-шаралары жандандырылды, киіктер браконьерлігіне, олардың дериваттарын және Қазақстан аумағындағы жабайы фаунаның басқа да түрлерін өткізуге және сатып алуға маманданған бірқатар қылмыстық топтардың жолы кесілді. Жыл басынан бері инспекторлар киік браконьерлігінің 56 фактісін анықтады, 4077 мүйіз бен 141 киіктің ұшасын тәркіледі», - деді Д. Тұрғамбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Дегенмен, спикердің айтуынша барлық қабылданып жатқан шараларға, браконьерлік үшін қылмыстық жауапкершіліктің қатаңдауына қарамастан, браконьерлік фактілері тыйылмай отыр.

«Киіктерді сақтау мақсатында 2020 жылы ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын республиканың бүкіл аумағында пайдалануға тыйым салу енгізілді. Қазіргі уақытта Орал популяциясының киіктерін сақтау мақсатында Батыс Қазақстан облысының Қазталов, Жәнібек, Бөкей Орда және Жаңақала аудандарының аумақтарын қамтитын «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құру мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Қазталов аудандарының аумағында республикалық маңызы бар Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру жобасы әзірленді», - дейді Д. Тұрғамбаев.

Сонымен бірге, жануарлар дүниесін қорғау, есепке алу және мониторинг тетіктерін, оның ішінде пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, қайта қарау, GPS-трекерлерді пайдалану, инспекторларды төске тағатын бейнеожетондармен жарақтандыру жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар