Қазақстанда жыл басынан бері жүзден астам адам пойыз астына түскен
2021 жылғы 23 желтоқсан 21:26

Қазақстанда жыл басынан бері жүзден астам адам пойыз астына түскен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 11 айында елде 108 азамат пойыз астына түскен, олардың жартысынан көбі мерт болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері көліктегі полицейлер пойызды шұғыл тоқтатуға қатысты 2 482 факті тіркеді. Оның ішінде теміржолда адамдардың болуына байланысты – 504, малдың жүруіне байланысты – 1 884 жағдай анықталған.

«Қостанай облысы «Қойбағар-Құсмұрын» өткелігінде «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызы 2 жылқыны басып кетті. Осыған байланысты малдың иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 559-бабы 1-бөлігі (Темiржол арқылы мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК (14 585 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Пойыз 45 минут бойы тұрып қалды», - деді Көліктегі ПД бастығы Оңал Бекиев.

Оның айтуынша, есептік кезеңде белгіленген жерлерде теміржолды кесіп өткені үшін 25 112 адам жауапқа тартылған.

«Осы жылдың 11 айында елде 108 азамат пойыз астына түскен, олардың жартысынан көбі мерт болды», - деп атап өтті.

«Теміржол ең қауіпті аймақ болып саналады. Әр азамат теміржол аймағында жүру ережесін білуі тиіс. Біздің, сондай-ақ жақындарымыз бен туыстарымыздың өмірі мен денсаулығы осыған байланысты. Адам өмірінен маңызды ештеңе жоқ», - деп түйіндеді полиция генерал-майоры.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT