Қазақстанда жыл басынан бері өнеркәсіп өнімі 1,2 пайызға арзандады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдың қаңтар айында Қазақстанда өндірістік сипаттағы кәсіпорындардың өнеркәсіптік өнімдері өткен аймен салыстырғанда 1,2 пайызға арзандаған. Ал бұл көрсеткіш 2018 жылдың қаңтар айынан бері 9,6 пайызға қымбаттап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетіне сілтеме жасап.

Комитеттен хабарланғандай, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіруші кәсіпорындардың өнімдері 2 пайызға арзандаса, өндеу өнеркәсібінің өнімдері 0,6 пайызға көтерілген. Өндірілген өнеркәсіптік өнімдер 1,2 пайызға, өнеркәсіптік сипаттағы қызметтердің бағасы 0,8 пайызға арзандаған.

Есеп беріліп отырған кезеңде бензин, төмендетілген пропан пен бутан 5 пайызға, мұнай 2,9 пайызға, мазут 1,4 пайызға арзандаса, көмір бағасы 7,9 пайызға, табиғи газ 1,5 пайызға, металл кендері 0,5 пайызға көтерілген.

Қорғасынның бағасында 3,8 пайыздық, асыл металдарда 2,2 пайыздық, алюминийде 1,8 пайыздық, қара металдар прокатында 0,9 пайыздық, ферроқорытпаларда 0,7 пайыздық өсім байқалған.

Өндірушілер сонымен бірге 2019 жылдың қаңтарында қантты 0,5 пайызға, қарабидай ұнын 0,3 пайызға арзандатса, жарма бағасын 7,1 пайызға, күрішті 4,6 пайызға, бидай ұнын 3,1 пайызға, мал етін 2,2 пайызға, құс етін 1,5 пайызға, балықты 2 пайызға, сүт өнімдерін 1,4 пайызға, шайды 0,8 пайызға, өсімдік майын 0,3 пайызға қымбаттатқан.

Соңғы жаңалықтар