Қазақстанда жыл басынан 246 балада қатерлі ісік анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылы қатерлі ісік ауруына шалдыққан балалардың санын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылдың алғашқы 6 айында 246 балада қатерлі өскіндер пайда болған, оның 113-інде - аққан ауруы, 133 балада лимфома мен үлкен ісіктер анықталды», - деп жауап берді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің ана мен бала басқармасы редакцияның сауалына.

Сондай-ақ, министрлік Қазақстанда жыл сайын шамамен 600 бала қатерлі ісік ауруларына шалдығатынын атап өтті.

«2017 жылдың 12 айында 610 балада қатерлі өскін табылған, оның 230-ында  аққан ауруы, 374-інде ісік болған. 2016 жылы 510 балада қатерлі ісік анықталған еді», - деп хабарлады министрліктен.

Мамандар балаларға қолданылып жатқан ем-домдардың жаңа тәсілдерімен де бөлісті.

«25 жылдан астам уақыт бойы BFM неміс бағдарламасы қолданылып келеді. Бағдарлама аясында лимфобласты аққан ауруынан айыққан балалар саны - 76,3% дейін, ал миелобласты аққан ауруынан жазылған балалар саны 42% дейін көтерілген. Интенсивті емдеуден соң, ремиссияға кеткен науқастар саны жылдан-жылға артып келеді. 2016 жылы - 1866 бала, 2017 жылы 2000-нан астам бала дерттен айықты», - делінген министрлік жауабында.

Денсаулық сақтау саласының сарапшылары 2012 жылдан бастап, балалардың полихимиялық терапияның заманауи жоғары дозалы бағдарламалары бойынша емделіп жатқанын хабарлады. Сараптама нәтижесіне сәйкес, терапия тиімділігі 66,9% құраған, оның арасында ретинобластома (96%), остеосаркома (91,7%), нефробластома (82,4%), герминогенді-жасушалық ісіктер және Ходжкин лимфомалары (75%) анағұрлым тиімдірек емделген.

«Аурудың ертерек анықталуы терапия нәтижелеріне ықпал етеді. 2017 жылы түрлі ісіктер мен лимфомалар 374 баланың 108-інде І-ІІ сатыда, 266 балада - III-IV сатыда анықталған еді. Қатерлі ісікті І-ІІ сатыда анықтау көрсеткіші 37%-тен (2016 ж) 38,2%-ке (2017 ж) көтерілді», - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінен.

Соңғы жаңалықтар