Қазақстанда жүйелі қызылжегімен ауыратын адамдар үшін алғашқы мектеп ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда жүйелі қызылжегімен ауыратын адамдарды қолдауға арналған алғашқы мектеп ашылады.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ревматология кафедрасының меңгерушісі Жазира Омарбекова мәлім етті.

Жаңа мектеп 23 тамызда №6 қалалық аурухананың жанында ашылмақ. Дәрігерлер қазіргі таңда дауасы табылмай тұрған дерттердің бірі - қызылжегімен толыққанды өмір сүруге болатындығын айтады.

«Осы бір созылмалы сырқатпен қалай өмір сүру керектігін жүйелі қызылжегі мектебін ашқан білікті қызметкерлер үйретеді. Бұл мектепті біз науқастарға қолдау көрсету үшін ашқалы отырмыз. Мұнда емделушілер өз аурулары туралы көптеген мағлұмат алатын болады. Осы сырқатқа шалдыққан өзге де науқастармен, дәрігермен тығыз байланыс орнатады. Сондай-ақ мектеп олардың туған-туыстарына, достарына бұл ауруды жете түсінуге көмектеседі», - деді АМДБЖИ ревматология кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.к., Алматы қаласының бас ревматологы Жазира Омарбекова.

Жүйелі қызылжегі ауруы - себебі белгісіз күрделі дерт. Мұндай атау адам денесінде аш қасқырдың тістегеніне ұқсайтындай қызыл дақтың пайда болуына байланысты берілген. Бұл ауру дәрігерлерге 1828 жылдан бері, француз дерматологы Biett-тің тері белгілерін сипаттағанынан кейін белгілі болды. Әзірге медицина бұл науқастың дауасын таба алмай отыр.

Қазақстанда 100 000 адамға шаққанда 20,6 адам қызылжегіге шалдыққан екен. Статистикаға сүйенсек, елімізде бұл сырқатпен ауыратын 25-64 жастағы 2800 науқас тіркелген.

Соңғы жаңалықтар