Қазақстанда жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітім азайып келеді

None
Фото: Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 29,7% төмендеді, оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 33,7% азайды. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан кардиологтардың VIII конгресінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кардиологтарының XV конгресіне Ұлыбритания, Франция, Италия, Израиль, Түркия, Сербия, Ресей, Грузия, Украина және Қырғызстанның жетекші сарапшылары қатысып жатыр.

Іс-шара барысында жүрек-қан тамырлары патологияларын диагностикалау және емдеу бойынша соңғы жаңалықтар талқылануда, негізгі қазақстандық және халықаралық спикерлермен телекөпір өтті.


Конгрессте денсаулық сақтау саласындағы бірқатар тақырып көтерілді:

- ESC-2022 өкпе гипертензиясын диагностикалау және емдеу, сондай-ақ қарыншалық аритмиясы бар науқастарды емдеу және кенеттен жүрек өлімінің алдын алу бойынша ұсынымдар.

- жүкті әйелдердің өміріне қауіп төндіретін жоғары қауіпті жағдайлардың алдын алу.

- жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудағы салауатты өмір салтының рөлі.

- коронарлық артерияның обструктивті зақымдануынсыз миокард инфарктісін емдеу ерекшеліктері.

- 2022 жылғы жаңа клиникалық нұсқауларда ишемиялық инсульттің қайталама профилактикасы.

- негізгі жүрек-қан тамырлары ауруларының және т.б. алдын алу және емдеу бойынша соңғы халықаралық клиникалық ұсыныстар.

Спикерлердің сөзінше, жүрек-қантамыр аурулары әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себебі болып отыр.


Жедел және созылмалы жүрек ауруы бар науқастарда кардиоваскулярлық жағдайлардың алдын алу және тәуекелді тиімді басқару жүрек-қантамыр ауруы мен жалпы өлімді азайтады.

«COVID-19 пандемиясының күрделі екі жылынан кейін алғаш рет өлім-жітім өткен жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,7% төмендеді, оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 33,7% төмендеді», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимов.

Конгрес аясында Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері тәжірбие бөлісті.


«Кеше және бүгін біздің клиниканың жетекші кардиологтары, аритмологтары, функционалдық диагностика дәрігерлері конгресстің ғылыми бағдарламасы аясында созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастарды емдеу және оңалту, жүрек ырғағының күрделі бұзылыстары бойынша тәжірибесін бөлісіп жатыр», - дейді Марат Пашимов.

Кардиологтардың айтуынша, мұндай конгрестер мамандарға соңғы ғылыми жетістіктер туралы білуге, өзекті мәселелерді талқылауға және ортақ мақсаттарға жету үшін ынтымақтасуға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар