Қазақстанда жүн өңдейтін кәсіпорын салатындарға субсидия берілмек
2022 жылғы 13 сәуір 18:45

Қазақстанда жүн өңдейтін кәсіпорын салатындарға субсидия берілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан аумағында жүн өңдейтін кәсіпорын салған кәсіпкерлерге 868 млн теңгеге дейін субсидия төленеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттары сауалына жолдаған жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары шеңберінде жаңа кәсіпорындарды салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту кезінде былғары және жүн жуу кәсіпорындарының шығындарын өтеу көзделген.

Жүн өңдейтін кәсіпорындар үшін құрылыс кезінде шығындарды өтеудің ең жоғары сомасы 868 млн теңгені, кеңейту кезінде – 430 млн теңгені құрайды. Былғары кәсіпорындары үшін бұл сома 661 млн теңгені, кеңейту кезінде – 300 млн теңгені құрайды», -деп жазады Үкімет басшысы.

Депутаттық сауалда шағын және орташа қуатты жаңа өндірістерді ашу және қолданыстағыларын кеңейту және жаңғырту жобаларына салынған инвестицияны өтеу үлесін ұлғайтып, өндірістік қуаттардың ең төменгі деңгейіне қойылатын талаптарды әлі де төмендетудіұсынған болатын.

«Өз кезегінде жүн мен теріні терең өңдеу кәсіпорындарына инвестициялық салымдар кезінде шығыстарды өтеу бөлігінде көрсетілген субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жалпы қолдау табады.

Тері мен жүнді терең өңдеу өндірісін субсидиялау, сондай-ақ инвестициялық салымдарды өтеу үлесін ұлғайту және өндірістік қуаттардың ең төменгі деңгейі бойынша талаптарды төмендету мәселелері агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобының отырыстары шеңберінде қаралады», - деп жазылған жауапта.

Бұған дейін Әлихан Смайыловтың Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында диқандар үшін тыңайтқыш бағасын арзандатуға республикалық бюжеттен қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT