USD 434.34 EUR 491.93
RUB 5.56 CNY 68.67
Jańalyqtar

Қазақстанда жұмысшылардың 20 пайызы орта білімді

2017 жылғы 11 наурыз 17:28
Бөлісіңіз:
Қазақстанда жұмысшылардың 20 пайызы орта білімді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Елімізде жұмысшылардың 20 пайызы орта біліммен еңбек етіп жүр.

Қазіргі күні Қазақстанда 445 мың жұмыссыз бар болса, олардың 32 пайызы мектеп бітірген соң оқымай қалған. Бұл туралы Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда биыл «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы жұмыссыздар мен мектеп бітірген түлектерге тегін техникалық білім беріледі. Ақтөбеде дайындық басталды. Оқу орындарының тізімі әзірленіп, қажетті мамандықтар да анықталды. Бағдарламаға сәйкес, студенттерге ыстық тамақ беріледі, шәкіртақы төленіп, жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Ал қысқа мерзімді кәсіби білім алатын ауыл адамдары үшін Мобильді оқу орталығы құрылып жатыр. Бұл жұмысты іске асыру үшін 100 миллион теңге бөлінді.

«Мобильді оқу орталығының жылжымалы болуы міндетті емес. Бұл жұмыссыз болса да ауылдан шыға алмайтын адамдар үшін тиімді жоба болуы тиіс. Сондықтан ауыл әкімдерімен бірлесе отырып, шағын курстарды ұйымдастыруға болады. Қысқа мерзімді курстардың 30 пайызы теорияға, 70 пайызы өндіріске бөлінгені дұрыс. Мәселен, шаштараз мамандығын оқыту үшін білікті шеберді шақырып, ол сол жерде бар тәжірибесімен бөлісуі қажет. Оған мобильді жылжымалы кешен керек емес»,- деді министр Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, Елбасы Жолдауына сай үшінші жаңғыру тапсырмасын орындау үшін жұмыссыздар мен еңбек етіп жүрген адамдардың біліктілігін арттыру қажет. Себебі, еңбек етіп жүрген адамдардың 20 пайызы мектептен соң мүлде білім алмаған. Ал жұмыссыздардың 32 пайызы орта біліммен шектелген.

Айта кетейік, биыл Ақтөбеде 16 мың жұмыс орны ашылады. «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының «Бастау Бизнес» жобасына 122 миллион теңге бөлінді. Ал ауылдағы бизнесті субсидиялауға - 35, қала мен ауылдағы шағын несиеге кепілдік беру бағытына 303 миллион теңге қарастырылған. Әлеуметтік жұмыспен қамту бағытына 152 миллион теңге бөлінді. Жоспар бойынша барлығы 600-ден астам адам еңбекке араласуы тиіс. Жастар тәжірибесіне 848 адам қатыстырылып, оған 346 миллион теңге бөлінеді.

«Бүгін Ақтөбедегі Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жұмыс орындарымен таныстым. Электрик мамандығына сұраныс бар, бірақ еңбек өтілі үш жылдан кем болмауы тиіс екен. Жастар бұл жұмысқа орналаса алмайды. Сондықтан жастар тәжірибесіне тартып, бір жылдық еңбек өтілін жинауға мүмкіндік береміз»,- деді Т.Дүйсенова.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Алтынай Сағындықова

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT