Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар елдегі цифрландыру үдерісін дамытуға ниетті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Инвесторлар тарапынан заманауи технологияларды дамыту басымдықтары Digital Almaty халықаралық форумы аясында «Investors' Choice: цифрландыру Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын қалай арттыра алады» панельді сессиясында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар елдегі цифрландыру үдерісін дамытуға ниетті екендерін жеткізді.

Бұл тақырып биыл ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-отырысында талқыланатын болады.

Сессия модераторы, KPMG Caucasus және Central Asia басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашевтың айтуынша, тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына 370 млрд доллар инвестиция тартылған. Бірақ бұл соманың басым бөлігі өндіруші секторларға берілді. Десе де қазір даму векторы өзгеруде.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов қазіргі әлемде кез келген саланы цифрландырусыз елестету мүмкін емес екенін айтты. Ал технологиялық процестер, өз кезегінде, барлық елдің үкімет жоспарына түзетулер енгізіп жатыр.

Қазақстан Үкіметі цифрландыру трендін бұрыннан қолға алған. Қазір Цифрлық даму министрлігі уәкілетті орган ретінде осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.

«Біз Қазақстанға келген инвесторлардың өздерін жайлы сезінуі үшін қалыпты заңнамалық база жасау мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл өте маңызды, себебі цифрландыру заңнамалық тұрғыдан да күшейтілуі тиіс», - деп түсіндірді Әсет Тұрысов.

Сонымен қатар, ол секторлардың инвестициялық тартымдылығын құра отырып, Үкімет дәстүрлі, жалпы қабылданған талаптарды ғана емес, оның ішінде салық саясатының тұрақтылығын, заңнаманың үстемдігін ескеретінін және адам капиталын дамытуға ерекше назар аударылатынын атап өтті.

«Қазақстандық Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева инвесторлар қандай да бір елге инвестиция салу туралы шешім қабылдағанда, әрқашан бірнеше факторға, яғни заң үстемдігіне, салық заңнамасына, салық жүйесіне, адамдардың әлеуетіне және технологиялық факторларға қарайтынын растады.

«Қазақстанды бизнес жүргізу көпірі көретін инвесторлар айтқандай, Қазақстанда цифрландыру деңгейі қазір өте жақсы. Біз өңір бойынша біріншіміз. Әрі қарай, әрине, бизнеспен бірлесе цифрлық күн тәртібін дамытуды жоспарлап отырмыз», - деді Жанна Байдашева.


Соңғы жаңалықтар