Қазақстанда жұмыртқа неге қымбаттады - Божко жауабы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божко Қазақстандағы жұмыртқа бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жұмыртқа бағасының өзгеруі - маусымаралық құбылыс. Яғни, жыл сайын жаз мезгілінде жеміс-жидек пен көкөністер көбейіп, жұмыртқаға сұраныс азайғандықтан баға арзандайды. Күз бен қыста сұраныс көбейгенде, баға өз қалпына келеді.

«Мамыр-тамыз айларында қыркүйек-сәуір аралығымен салыстырғанда, халық екі есе аз жұмыртқа сатып алады. Мұны жеміс-жидек пен көкөністің көбеюімен, каникул, демалыстармен түсіндіруге болады. Нарықтық экономиканың заңына сәйкес, өндірушілер жазда жұмыртқаны арзандатылған бағамен сатуға мәжбүр. Тіпті, біраз шығынға да ұшырайды. Күзде сұраныс көбейген соң, әлбетте баға өз қалпына келеді. Бірақ, халық бағаның өсуіне ғана мән береді, арзан бағамен сатылғанын ұмытып кетеді», - дейді Максим Божко.

Қауымдастық басшысы келтірген деректерге сәйкес, қазақстандық өндірушілер тауық жұмыртқасына деген мемлекет сұранысын 100% қамтамасыз етіп отыр және көршілес елдерге тауар экспорттауды бастады.

«Соңғы төрт жылда экспорт көлемі жыл сайын екі есеге артып келеді. 2017 жылы 280 млн жұмыртқа экспортталды. Оның 155 миллионы - Ауғанстанға, 47 миллионы - Ресейге жіберілді. 2018 жылдың 9 айында 485 млн жұмыртқа экспортталды (Ауғанстанға - 247 млн, Ресейге - 212 млн). Отандық өндірушілер Қытай нарығына да шығуға дайын. Бұл үшін Қытайға тауық өнімдерін экспорттауға рұқсат берілуі керек», - дейді М. Божко.

Айта кетейік, ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божко құс өнімдерін таңдау бойынша бірқатар кеңес берді және отандық өнімдердің сапалы және 100% қауіпсіз екенін жеткізді.

Еске сала кетсек, 2018 жылдың  маусым айында ҚР АШМ құс тұмауы тіркелген Ресейдің 36 құс фабрикасының өнімін әкелуге тыйым салған еді. Қазан айында бұл тыйым тағы ұзартылды.

Максим Божконың айтуынша, Қазақстанның құс фабрикаларында құс тұмауы тіркелген жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар