Қазақстанда жолдағы қауіпсіздік саласында тез әрекет ететін көшпелі кешендер пайдаланылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында тез әрекет ететін кешендердің пайдасы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдағы көлік қозғалысы ережелерін орындамау деректерін анықтау үшін тез әрекет ететін кешендерді пайдалана бастадық. Қазір осындай көшпелі кешендердің саны 80-нен асты. Бірақ еліміздегі барлық жолды қамту мүмкін емес», - деді Игорь Лепеха жолдағы қауіпсіздік саласында жаңа технологияларды пайдалану тақырыбындағы форумда

Оның айтуынша, мұндай кешендер бірқатар жолдың бойында ауқымды жұмыстарға жұмылдырылған.

«Қазір Ақмола облысы бойынша айтсақ, осындай екі-үш көлік бұрын патрульдік полицияның тұтас бір взводы атқарған жұмысты толығымен қамтып отыр. Қазір полицейдің жолдың бойында тұрып, автокөлікті тоқтатудың қажет жоқ», - деді министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кейінгі 12-15 жылда автокөлік саны 3 млн-нан 5 млн-ға дейін артты.

Сонымен қатар, И. Лепеха электр самокаттың жылдамдығы саябақ аумағында автоматты түрде бәсеңдеуі керек екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар