Қазақстанда жол-патруль қызметкерлерінің айлығы 50 пайызға өсуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жол-патруль қызметі полицейлерінің айлығы 50 пайызға өсуі ықтимал. Жол полициясының айлығын көтеру туралы бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жобалық кеңсемен бірлесе отырып, біздің полиция қызметкерлерінің жұмыс уақытын қалайша тиімді пайдалану, артық есеп берулерден арылту, артық отырыстар мен өзіне тән емес қызметтерден босату жұмыстарын қарастырдық. Қазір болжам жасап отырсақ, полиция қызметкерлерінің 10 пайызын қысқарта алады екенбіз. Одан үнемделген қаражатты қалған полиция қызметкерлерінің айлығын көтеруге жұмсасақ дейміз. Біздің бұл тұрғыда нақты көздеп отырғанымыз бар: халықпен тікелей жұмыс атқаратын жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің айлығын 50 пайызға көтерсек дейміз. Аттестаттаудан кім өтеді - сол қалады, өтпейтіні - жұмыстан босатылады. Бұл бірінші бағыт», - деді Қалмұханбет Қасымов.

ҚР Ішкі істер министрлігі екіншіден полиция қызметкерлерін жұмысқа орналастыру мерзімін қысқартпақ.

«Қазіргі таңда біздің қызметкерлерді жұмысқа алу уақыты 9-10 айға созылып кетеді. Біз осы мерзімді қысқартқымыз келеді, себебі бұл жерде жемқорлыққа байланысты да сұрақтар туындайды. Олар медкомиссиядан ауданнан, облыстан өтіп, біздің оқу орындарына келген кезде үміткердің қызметке мүлде сай еместігін көресің. Ал ол болса барлық жерден сүрінбей өтіп кеткен. Міне, сондықтан, осы мәселелерді жіті зерттеп, оқуға қабылдау уақытын 9 айдан 5-6 айға дейін қысқартып, сынақ мерзімін енгізсек дейміз», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар