Қазақстанда жол битумы не себепті қымбаттады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Ресейден 300 мың тонна жол битумын сатып алуы мүмкін. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылы автожол жобаларын іске асыру үшін шамамен 1,1 млн тонна жол битумы қажет. Осы орайда республикалық желіге 600 мың тонна, жергілікті желіге 500 мың тонна керек. Отандық битум зауыттарының қазақстандық нарықтың қажеттілігін жол битумымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ. Қазіргі уақытта елімізде жылына 1 млн тоннадан аспайтын көлемде жол битумын өндіруші 4 зауыт («Caspi Bitum», «ПНХЗ», «Qazaq Bitum», «Асфальтобетон-1») жұмыс істейді», - делінген министрліктің ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

Жол битумдары негізінен жол-құрылысы саласында, аэродром алаңдарын салу, жөндеу үшін және басқа да құрылыс салаларында қолданылатынын атап өткен жөн.

«Қазіргі кезде министрлік ауқымды жол саласындағы жобаларды іске асырып жатыр. Сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларын іске асыруға қаражат бөліп, құрылыс жұмыстары ескерілген. Бұл тұрғыда құрылыс маусымында трейдерлер (алыпсатарлар) жасанды тапшылық жасап, битум бағасының 2 есе қымбаттауына әсер ететінін ескеру қажет. Бұл ретте, битум тапшылығына байланысты министрлік Ресейден 300 мың тонна көлемінде жол битумын жеткізу туралы мәселені пысықтап жатыр. Бүгінгі таңда бұл мәселені Қазақстанның Энергетика министрлігі Ресей Энергетика министрлігімен бірлесіп қарастырып отыр», - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қазақстанда 200 мың тонна битум жетіспейтінін айтып, осы саладағы кемшіліктерді сынға алды.


Соңғы жаңалықтар