Қазақстанда жоғары жауынгерлік әзірліктегі армия құрылды деуге толық негіз бар!

None
None
АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - 1992 жылғы мамырдың 7-сінде Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Нақ осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі - жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштері бас штабтары бекітіліп, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қайта құрылды.

Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери - Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді.

Дәстүр бойынша Отан қорғаушылар күні Қазақстан Президенті (Жоғарғы Бас қолбасшы) кезекті әскери атақтар тағайындап, көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсырады. Алайда, биылғы жыл ерекше болмақ. Себебі, Қазақстан Қарулы Күштерінің 20 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осы орайда ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бағдат Майкеевтен алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

- Бағдат Әбдіқадырұлы! Биыл - Қазақстан Қорғаныс министрлігі үшін айрықша жыл. Яғни, бүгінде әскери қызметтің құрметі артып, Қарулы Күштердің 20 жылдығы мерейтойы мерекеленуде. Осы атаулы датаға байланысты қандай іс-шаралар атқарылмақ?

- 7 мамыр Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше күн болып есептеледі. Осыдан жиырма жыл бұрын Елбасы Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштері құрылды. Содан бері бұл күн Отан қорғаушылар күні болып мерекеленіп келеді.

Бейбіт елдің тыныштығын күзету - мерейлі мәртебе, асқақ абырой. Сол себепті, Отан қорғау ежелден ерлердің міндеті болған.  Елдің Тәуелсіздігін қамтамасыз ететін Қарулы Күштерді қалыптастыру үшін жиырма жыл көп уақыт емес. Осы жылдар ішінде Елбасы - Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жоғары жауынгерлік әзірліктегі армия құрылды деуге толық негіз бар.

2012 оқу-жаттығу жылындағы жауынгерлік жарыстың ұраны «Қарулы Күштердің құрылғанына 20 жыл толуына - Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің ерен еңбегіміз!» деген атпен мәлім. Бұл армияда болып жатқан іс-шаралардың барлығы Қарулы Күштердің 20 жылдығына арналған деген сөз. Осы мақсатпен мерейтой шеңберінде атқарылуға тиісті бірқатар шаралардың жоспары жасалды. Ол іс-шаралар жыл басынан бері аталған жоспарға сай өткізіліп келеді. Мәселен, әскер өмірін спортсыз елестету мүмкін емес. Қазіргі таңда Қарулы Күштердің 20 жылдығына ұйымдастырылған армияшылардың Спартакиадасы мәреге жетіп қалды. Бұл додада біздің әскери қызметшілеріміз спорттың әр түрінен бақ сынасып, қуаты мен қарымын, айласы мен амалын ортаға салуда.

Бірқатар облыс орталықтары мен әскери қалашықтарда мектеп оқушылары үшін Ұлы Отан соғысы және Қарулы Күштер ардагерлерінің, сондай-ақ жауынгерлік жарыс үздіктерінің қатысуымен «Ерлік сабақтары» ұйымдастырылды. Жоғары деңгейде өткізілген осындай басқосулардың жас ұрпаққа берері көп болмақ. Оқушылар әскери оқу орындары мен бөлімдерде де болып, Отан қорғаушыларының тыныс-тіршілігімен, күнделікті қызметімен танысуға барынша мүмкіндік алды.

Бұған жыл сайын өткізу дәстүрге айналған «Патриот» акциясын қосыңыз. Сонымен қатар, әскери бөлімдер мен құрамаларда сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары үшін ашық есік күндері ұйымдастырылды.

Болашақ Отан қорғаушылары бірқатар оқу орталықтарында болып, қару-жарақ пен әскери техника түрлерімен танысты. Осындай  ұйымдастырылған іс-шаралардың бәрі жастардың бойына отаншылдық сезімін ұялатып, елінің шын мәніндегі патриотын тәрбиелеуге зор ықпал етері сөзсіз.

Мерейтой аясында мамыр айының алғашқы онкүндігінде Ұлттық қорғаныс университетінде «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 20 жыл» атты алқалы конференция өтпек.

ХІV «Жас ұлан» жауынгер әндерінің республикалық фестивалін өткізу де мерейтойлы жылға сәйкес келіп отыр. Бұл байқау 23-26 сәуір аралығында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өтті. Оған 300-ге жуық әскери өнерпаз қатысып, бақтарын сынады.

Ән байқауына Қарулы Күштерден өзге ІІМ Ішкі әскерлерінен, ҰҚК Шекара әскерлерінен, Республикалық гвардиядан және Төтенше жағдайлар министрлігінен үміткерлер қатысты. Конкурсанттардың өнерін бағалауға Жамбыл облыстық филормониясының өнер шеберлері мен әлеуетті құрылымдардың жанындағы әскери ансамбльдердің әншілері қазылық етті.

Сондай-ақ, 7 мамырда Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында әскери өнер ұжымдарының ұйымдастыруымен мерекелік үлкен концерт өтеді.  Ұлы Жеңістің 67 жылдығын мерекелеу шеңберінде 9 мамыр күні «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Сол жерде ардагерлерге арналып, дәстүрлі «Сарбаз ботқасы» беріледі. Астаналықтар мен қала қонақтарына Қорғаныс министрлігі басшылығының қатысуымен қару-жарақ пен әскери техника көрмесі ұйымдастырылатын болады.

- «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы қабылданды. Осы тұрғыда бұл жаңа заңнамада әскеридің мәртебесі мен оларды әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуде қандай басымдықтар ескеріліп отыр.

- Елбасы әскерилердің әлеуметтік жағдайын тұрақты назарда ұстап келеді. Биыл «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» жаңа Заң қабылданып, ол 7 наурызда күшіне енді.

Жаңа Заңда әскерилерге қатысты қажетті әлеуметтік аспектілер кеңінен қамтылған.  Бұл заңнамалық құжатта әскери қызметшілердің мәртебесі мен құқықтары нақты айқындалған. Оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету кеңінен қарастырылған.

Жаңа заң аясында азаматтық жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларды бітіруші студенттерге «Запастағы лейтенант» атағын беру нормасы қайтарылды. Бұған дейін әскери кафедраны бітіруші түлектерге «запастағы сержант» әскери атағы беріліп келген болатын.

Заң нормасы бойынша әскери қызметшілердің жұмыстан шығу жәрдемақысының мөлшері артты. Енді әскери қызметте кемінде 10 күнтізбелік жыл болғандарға -
3 айлық ақшалай қаражат төленеді.

10-нан 20-ға дейінгі күнтізбелік жыл - 5 айлық ақшалай қаражат;

20-дан 30-ға дейінгі күнтізбелік жыл - 20 айлық ақшалай қаражат;

30 күнтізбелік жылдан астам - 30 айлық ақшалай қаражат ала алады.

Зейнет демалысына шыққан әскерилердің зейнетақысының мөлшері өзгелермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екенін атап өткен жөн.

Мәселен, әскери өтілі 25 жылды құрайтын подполковниктің зейнетақысы 119 мың теңгеден асады.

- Әскерилердің тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр?

- Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген тәртіппен жүргізіледі.

Жаңа Заң бойынша 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте күнтізбемен есептегенде 10 және одан көп жыл болатын әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үй мемлекеттік тұрғын үй қорынан беріледі. Олар оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген шарттарда және тәртіппен жекешелендіруге құқылы.

2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте күнтізбемен есептегенде 15 және одан көп жыл болған әскери қызметшілер күнтізбелік есептеуде әскери қызметтің 20 жылы өткеннен кейін қызметтік тұрғын үйді өтеусіз  жекешелендіруге құқылы.  Тұрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақы төлеу 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте кемінде 10 жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге таралады.

Әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету жалғаса бермек. Мәселен, биыл Қарулы Күштер бойынша 2 707 Отан қорғаушыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

 -  KADEX-2012 II Халықаралық қару-жарақ, әскери техника және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылуы жақындап қалды. Осы маңызды шара жайында айтып өтсеңіз?

- Осы жылдың 3-6 мамыр аралығында Астанада екінші қазақстандық халықаралық «KADEX-2012» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі өтеді. Осыдан екі жыл бұрын өткізілген алғашқы көрменің қорытындылары нәтижелі болды. Қорғаныс министрлігінің өкілетті органы - «Казспецэкспорт» кәсіпорны сол жолы бірнеше шетелдік компаниялармен құны 1,5 миллиард теңгеден асатын келісімшарттар жасасты

Соның арқасында қазіргі таңда ел аумағында бірнеше бірлескен кәсіпорындар ашылып, жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында электронды-оптикалық құралдар өндіретін түріктің «Қазақстан Aselsan Инжиниринг», ЕС 145 тікұшақтарын өндіріп, оларға техникалық қолдау көрсететін француз-неміс «Eurocopter Қазақстан Инжиниринг», радиостансалар өндіретін француздың «Tales Инжиниринг» және испандық «Indra Қазақстан» сияқты жетекші компаниялар бар.

Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігінде екінші көрмені өткізуге қызу дайындық жүргізіліп жатыр.

Бүгінде шетелдік әскери техника үлгілерін орналастыруға және олардың мүмкіндіктерін көрсетуге арналған арнайы полигон жасалуда.

Көрмеге қатысуға қазірдің өзінде 236 отандық және шетелдік компаниялардан өтініш келіп түсті. Сондай-ақ, 5-6 мамыр күндері астаналықтар мен қала қонақтары көрмені тамашалай алады.

- Қорғаныс саласындағы отандық өндірушілердің даму деңгейі қандай?

- Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды технологиялық жаңарту және қару-жарақ пен әскери техника өндірісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған Бағдарламасы жасалып, жұмыс істеп жатыр. Жаңа қару-жарақ пен әскери техниканың жыл сайынғы өсімін 7 пайызға арттыру, сондай-ақ 2015 жылы әскери және екі жақты мақсаттағы өндірілетін өнімдердің қазақстандық үлесін 50 пайызға дейін жеткізу туралы негізгі тапсырмалар анықталды.

Сондай-ақ, мемлекеттік басқаруды жетілдіру мақсатында 2008 жылғы ақпан айында Үкімет Қаулысымен Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі кешені мәселелері бойынша Комиссия құрылды. Бұл комиссия Үкімет жанындағы бірден-бір консультативтік кеңес болып табылады. Онда қорғанысты қамтамасыз ету, әскери-техникалық саясатты жүзеге асыру, қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың негізгі бағыттары, әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

2003 жылғы наурыз айында Үкімет Қаулысымен «Қазақстан инжиниринг ҰК» Акционерлік қоғамы құрылды. Бұл компания холдингтік құрылым ретінде бірнеше қорғаныс өнеркәсібі кешендерінің басын біріктіріп отыр.

Компания құрамына 29 еншілес және бағынышты кәсіпорын кіреді. Оның 17-сі қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ мұнайгаз, теміржол, агроөндіріс, жылуэнергия кешендеріне арналған өнімдерді шығарып, оларға жөндеу жасайтын мүмкіндікке ие.

2010 жылдан бері жыл сайын бекітілетін еліміздің мемлекеттік қорғаныс тапсырысы тұтастай отандық қорғаныс кәсіпорындарына жүктелді. Биыл 2009 жылмен салыстырғанда, тапсырыс жеті есеге артып отыр. Бұл өндірілетін өнімдердің қазақстандық үлесін арттыруға, өнімдерді дамыту мен жаңартуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

2011 жылы украиндық әріптестермен бірлесіп, «Семей инжиниринг» акционерлік қоғамының өндірістік қуатын жаңарту шаралары басталды. Нәтижесінде бұл жерде биылдан бастап Т-72 танктеріне күрделі жөндеу жасалатын болады.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамында жоғары технологиялық өнімдер разрядына жататын авиациялық қозғалтқыштарға күрделі жөндеу жасалып келеді.

Қазақстан қазірдің өзінде шетелдермен әскери-техникалық ынтымақтастық саласында жаңа сатыға көтерілді десе болады. Біздің отандық өндірушілеріміз жаңа нарыққа шығып, кооперациялық байланыстарды нығайтты. Қосалқы бөлшектерді дербес экспорттау мен кепілден кейінгі қызметке құқы бар «Қазарнаулыэкспорт» республикалық кәсіпорнының белсенділігі айтарлықтай артып отыр.

«С.М. Киров атындағы машина жасау зауыты», «Зенит», «Тыныс», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамдары өндірген қару-жарақтар да сұранысқа ие.

Қорғаныс министрлігі «Зенит» зауытына зымыранды-артиллериялық кеме жасауға тапсырыс берген болатын. Осы жылғы 25 сәуірде осында жасалған «Қазақстан» кемесін суға жіберілді. Бұл жауынгерлік кеме Каспийдің қазақстандық бөлігін күзету мақсатындағы тапсырмаларды шешуге және жауынгерлік патруль жүргізуге арналған. Бұл жерде 2012-2013 жылдары Әскери-теңіз күштері үшін тағы да осындай екі жауынгерлік кеме жасалмақ.

Қазіргі уақытта көптеген отандық қорғаныс кәсіпорындары жөндеу және құрастыру жұмыстарынан өзге жекелеген әскери өнім түрлерін өндіру арқылы өз саласына сүрлеу салды.

Байланыс, барлау және басқару, радиоэлектронды күрес жүйесі, ұшқышсыз ұшу аппараттары, құлтемірленген екпінді кешендер, заманауи көлік авиациясы, жауынгердің ұрыс алаңындағы жеке қорғаныс жүйесі, жоғары дәлдікті қарулар және онымен күрес құралдары қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың басым бағыттары болып табылатыны сөзсіз.

Бұл жұмыстардың Қорғаныс министрлігінде екі жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын және ізашар болып отырғанын атап өткен жөн. Толыққанды, дербес қорғаныс өнеркәсібі кешенін құруға бірнеше жылдар мен мемлекеттің ұдайы қолдауы қажет екенін ұмытпауға тиістіміз.

Сонымен қатар, дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қорғаныс өнеркәсібі кешенін тек мемлекеттің күшімен дамыту жеткіліксіз. Бұл әрі бюджетке де қосымша салмақ. Қорғаныс өнеркәсібін дамытуда мемлекеттік әрі жеке әріптестікті қалыптастыру маңызды. Оның ішінде шетелдік және отандық инвестицияларды тарта отырып, жаңа қорғаныс кәсіпорындарын құрудың қажеттілігін бөліп айтуға болады.

Мемлекет басшысы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы
Н.Ә. Назарбаевтың саясатын басшылыққа ала отырып, еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешенін Қазақстанның машина жасау саласындағы локомотивіне айналдыру қажет.

 - 2012 жылғы 2 сәуірде азаматтарды мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру басталды. Атап айтқанда, бүгінде еліміздің әскерінің қатарына шақырылып жатқандарға қатысты қандай талаптар ескеріліп жатыр?

- Қорғаныс министрлігі биылғы көктемде 18 бен 27 жас аралығындағы 16 мыңнан астам ер-азаматты әскер қатарына шақыруды жоспарлар отыр. Оның 8 мыңға жуығы Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне алынады. Қалған азаматтар Республикалық ұланның, ІІМ Ішкі әскерлерінің, ҰҚК Шекара әскерлерінің, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне жіберіледі.

Биыл көктемгі әскерге шақырылушылардың саны ұлғайып отырғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, олардың білім деңгейлері мен денсаулықтарына қойылатын талап та күшейді. Биылдан бастап тәжірибе ретінде Қарулы Күштердің қатарына бойы 1.65 см асатын жігіттерді алудамыз. Сонымен қатар, азаматтардың моральдық-психологиялық ахуалына да барынша мән беріп отырмыз.

- Биылғы жылғы әскери оқу-жаттығуларға тоқталсаңыз?

 - Қарулы Күштердің әлеуеті мен қуаты негізінен жауынгерлік әзірлік болып табылатыны сөзсіз. Сол себепті, біздің негізгі мақсатымыз жауынгерлік әзірлікті әр кезде жоғары деңгейде ұстап, әскери қызметшілердің кәсіптік біліктілігін шыңдау болып табылады.

2012 оқу жылы Қарулы Күштердегі жауынгерлік іс-шаралар да «Қарулы Күштердің құрылғанына 20 жыл толуына - Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің ерен еңбегіміз!» ұранымен өткізілуде.

Биыл да халықаралық дәрежедегі бірқатар оқу-жаттығулары өткізілмек. Мысалы, алдағы маусым айында Тәжікстан Республикасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында өтетін «Бейбіт миссия - 2012» оқу-жаттығуларына қазақстандық әскери қызметшілер де қатысатын болады. Сондай-ақ, күзде Арменияда өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясындағы «Өзара іс-қимыл - 2012» жаттығуларына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл тізімге Қазақстанда өтетін «Дала қыраны», «Алдаспан» сынды халықаралық жаттығуларды да қосуға болады.

- Соңғы сұрақ. Еліміздің қорғаныс саласындағы қай бағытқа негізгі басымдық беретін боласыздар?

- Қарулы Күштердің алдында жауынгерлік дайындықты нығайту мен оны одан әрі жетілдіру тапсырмалары тұр. Қазақстан халқы бүгінгі күні өздерінің қауіпсіздігі берік қолда екеніне сенімді.

Қазақстан заманауи, жинақы да ұтқыр, жауынгерлік дайындық деңгейі жоғары армия құру жолын таңдады.

Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру мемлекеттің әскери қауіпсіздік саласындағы басты тапсырмаларының бірі болып қала бермек.

Президент - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы
Н.Ә. Назарбаев анықтап бергендей, армияның басты тапсырмасы «әскерлердің сапасы мен тиімділігін арттыру» болып отыр. Сол себепті де, Қазақстан әскері жаңа қару-жарақ пен әскери техника жүйелерімен қамтамасыз етіліп, қазіргі заманға сай жауынгерлік қимылдар жүргізуге бейімделген жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуді жалғастыра бермек.

Соңғы жаңалықтар