Қазақстанда ЖІӨ 4 пайызға өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаңтар-сәуір айларында еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсімі 4 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар-сәуірде жалпы ішкі өнімнің өсуі 4 пайызға дейін өсті. Қаңтар-наурызда ол 3,8 пайызды құраған болатын. Серпін өңдеу өнеркәсібіндегі, қызмет көрсету саласындағы үдеумен, сондай-ақ құрылыс пен ауыл шаруашылығындағы тұрақты қарқындармен қамтамасыз етілген. Инфляция деңгейі жоспарланған дәлізде. Жыл басынан бері ол 1,8, ал жылдық мәнде 4,9 пайызды құрады», - деді Үкімет отырысында ел экономикасының 1 тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндаған министр.

Министр дерегінше, инвестициялар серпіні жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынынан асып түседі. Өсу 6,7 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығында, құрылыста және өнеркәсіпте инвестициялар айтарлықтай өсті.

«Қаңтар-сәуірде өнеркәсіп өндірісі 2,9 пайызға өсті. Өсу өңдеу өнеркәсібіндегі озық қарқындар есебінен қамтамасыз етілді. Кен өндіру өнеркәсібінде өсудің баяулауы жалғасуда. Өсу үш айдағы 4,8 пайыздық көрсеткішке қарағанда 2,6 пайызды құрады. Мұндай үрдіске негізінен мұнай өндіру серпінінің теріс аймаққа ауысуы ықпал етті. Есепті кезеңде оның көлемі 1,1 пайызға қысқарды. Ал 1 тоқсанда 2,7 пайыз деңгейінде өсу болған. Төмендеу сәуір айында Қашаған кен орнында мұнай өндірудің қысқаруымен байланысты. Ол жүргізіліп жатқан жоспарлы-алдын алу жұмыстары салдарынан болды»,- деді Р.Дәленов.

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде өсуге бағытталған тренд сақталып отыр. 4 айда шығарылым 3,5пайызға дейін ұлғайды. 1 тоқсанда өсу 1,6 пайызды құраған болатын.

«Өңдеу қарқынының артуына мұнайды қайта өңдеудегі, машина жасаудағы, сусындар өндірудегі өсудің үдеуі, сондай-ақ фармацевтиканың оң аймаққа шығуы әсер етті», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар