Қазақстанда жиһаз өнеркәсібі қарқынды дамуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстанда жиһаз кәсіпорындарының қарқынды өсуі байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталықтың мәліметінше, бүгінде елімізде 1491 шағын және орта кәсіпорын жұмыс істейді, олар осы жылдың 10 айында 49,3 млрд теңгеге өнім өндірді, бұл номиналды мәнде 2020 жылдың тиісті кезеңінің көрсеткішінен 16,5 млрд теңгеге жоғары.

«Нақты көлем индексі айтарлықтай ұлғайды 114,9% жетті. Оның өсімі саланың барлық секторларында қамтамасыз етілген. Бұл ретте өндіріс көлемінің едәуір өсуі кеңселер мен сауда кәсіпорындарына арналған жиһаз өндірісінде 1,4 есе байқалады», делінген хабарламада.

Орталықтың мәліметіне сенсек, отандық жиһаз өнеркәсібінің өнімдері көрші елдерде сұранысқа ие.

«Экспорттың негізгі көлемі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Беларусь елдеріне бағытталды. 2021 жылғы қаңтар-қазан аралығындағы кезеңде экспорт көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 1,5 есе ұлғайды», делінген хабарламада.

QazIndustry мамандарының пікірінше, қазақстандық жиһаз жасаушылардың әлеуеті өте үлкен, себебі импорттық өнімді Ресей, Түркия, Беларусь, Қытай және Италиядан жиһаз өнімдерінің сапасы мен дизайны бойынша кем түспейтін отандық тауарлармен алмастыру есебінен ішкі нарықта өзінің қатысуын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік бар.

«Жиһаз өндіру секторы қарқынды дамып келеді, жаңа компаниялар мен жеке кәсіпкерлер пайда болуда, осылайша отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан жылға елімізде тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр, бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады», - деп атап өтті QazIndustry Салалық даму дирекциясының бас сарапшысы Бейсенбек Баймағұлов.

Жыл басынан бері жиһаз кәсіпорындарының саны 1,3 есеге артты. Жиһаз кәсіпорындарының өсуі бойынша өңірлер арасында Шымкент қаласы көш бастап тұр, онда 400-ден астам кәсіпорын бар.

Сондай-ақ, 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында жиһаз корпустары мен ағаштан бұйымдар шығару бойынша бірқатар инвестициялық жоба іске қосылды. Осылайша, аталған фабрикалардың өндіріс қуаттылығы жылына 30 мың бірлік жиһаз өнімін құрайды, бұл өз кезегінде 165 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.


Соңғы жаңалықтар