Қазақстанда жергілікті жолдарды жөндеуге жыл сайын 150 млрд теңге бөлінбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстары қалай жүзеге асырылатынын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Елбасы өзінің Жолдауында осы мәселеге ерекше маңыз беруді тапсырған еді. Соңғы 5-6 жылдың ішінде республикалық маңызы бар жолдарға қаражат бөлінді. Атап айтқанда, Батыс Еуропа - Батыс Қытай жолдары, Астанадан Батысқа, Атырау мен Ақтауға, Павлодарға, ары қарай Семей мен Өскеменге қарай жолдар салынып жатыр. Былтыр Алматыдан Қапшағайға, одан ары қарай Талдықорғанға жол салынды. Талдықорғаннан Өскеменге, ары қарай Қытайға жолдар салу да ұмыт қалдырылған жоқ. Оның нәтижесі - былтыр Қазақстан арқылы 2,5 миллион тонна транзиттік жүк өтті. Ол 2016 жылмен салыстырғанда 50 пайызға көп. Ол үлкен маңызды мәселелер», - деді Жеңіс Қасымбек ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында  жергілікті маңыздағы жолдарға басымдық беруді тапсырған.


«Оның сапасы үлкен жолдарға қарағанда жоғары емес. Сондықтан, Елбасы алдағы 5-6 жылдың ішінде сол жолдардың сапасын көтеріп, республикалық маңызы бар жолдармен бір деңгейге көтеруді жүктеді. Жыл сайын біз орталық бюджетпен және әкімдіктердің бюджетімен бірлесіп, 60-80 миллиард теңгедей бөлеміз. Бірақ, ол қаражат жолдарды ұстау үшін жеткіліксіз. Сондықтан, Елбасы бұл соманы екі есе үлкейтуге тапсырма берді. Осы жылдан бастап, аталмыш бағытқа 150 миллиард теңгеден бөлінетін болады», - деді ол.

Жеңіс Қасымбек атап өткендей, аталған қаражаттың 50 пайызы орталық бюджеттен, 50 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінеді.

«Мысалы, әкімдік 5 миллиард теңге бөлсе, біз міндетті түрде 5 миллиард теңге беруіміз керек. Сондықтан, қазіргі таңда мына қаражатты игеру үшін «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, осы мәселені бақылау шарасын енгіземіз. Бұл үлкен қаражат. Ол тек жолдар мәселесі емес, көптеген жұмыс орындары да ашылады деп отырмыз», - деп түйді министр.

Соңғы жаңалықтар