Қазақстанда жерді тиімді пайдалануды бақылайтын 40-қа жуық мемлекеттік қызмет түрі бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан ғарыштық технологияларды дамытуға айрықша назар аударып, осы сала бойынша әлемдік нарықта өз орнын кеңейтуде, деп жазды бүгін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Facebook парақшасында.

Оның сөзінше, қазақстандықтар үшін Ғарышкерлер күні ерекше маңызға ие, себебі біздің жерімізде аты аңызға айналған ұшыру алаңы – Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан.

Сонымен қатар, біз ғарышқа Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов сынды ғарышкерлерімізді жіберген санаулы елдердің біріміз.

Мемлекетіміз осы күнге дейін ғарыштық технологияларды дамытуға айрықша назар аударып, ғарыш саласы бойынша әлемдік нарықта өз орнын кеңейтуге күш салып отыр.

Қазіргі таңда Қазақстан орбитада отандық жерсеріктерін, соның ішінде Жерді қашықтан зондтайтын KazEOSat-1 және KazEOSat-2 спутниктерін басқарады, «Ақкөл» және «Көктерек» сынды екі жерүсті басқару кешені бар. KazSat-2, KazSat-3 байланыс серігінен тұратын KazSat ғарыштық байланыс жүйесі жұмыс істейді.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұйымы жер қойнауын пайдаланушылар үшін www.minerals.gov.kz және жерді тиімді пайдалануды бақылау үшін «JerInSpectr» сияқты платформалары бар 40-қа жуық геосервисті құрды.

Ғарыштық зерттеулер мен технологиялардың ұлттық орталығы, әлемге әйгілі ғалымдар, профессорлар мен академиктер жұмыс істейтін 3 ғылыми институт аясында ғылыми-зерттеу бағыттары дамуда.

«Мен бұл күні ғарыш саласына қатысы бар барша жандарға алғыс айтқым келеді. Оларға табыс, күш-жігер және барлық жоспарларының сәтті жүзеге асуын тілеймін! Сіздер қажырлы еңбектеріңізбен ғарыш саласы мен ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосып келесіздер. Жарқын жобаларыңыз болашақта біздің ұрпағымызға мұра болып қалары сөзсіз»,-деді министр.


Соңғы жаңалықтар