Қазақстанда жер сатылады: Қытай сайтындағы бұл хабарландыру арандатушылық болуы мүмкін - Смадияров

Фото: Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қытай сайттарындағы «Қазақстанда жер сатылады» деген жарнама арандатушылық болуы мүмкін. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, бұл жарнаманы біз де көрдік. Қытай тарапына, Бейжіңдегі Елшіміз сол елдің Сыртқы істер министрлігіне жедел жеткізді. Біз де Қытай Елшілігіне хабарладық. Бұл хабарлама біздің «ОLХ» сияқты сайтында жарияланған екен. Модерациядан қалай өткенін білмедім. Соны қазір қытай тарапы тексеріп, болашақта мұндай жайтты болдырмауға келісім берді», - деді Айбек Смадияров ведомствода өткен апталық брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар, ресми өкіл бұл ақпараттың жалған екенін баса айтты.

«Телефонмен хабарласып көрдік. Ешкім алмайды, телефон сөндірулі. Өзіңіз айтқандай провакация да болуы мүмкін», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар