Қазақстанда жемқорлардың жазасын өтеу мерзімін ұзарту ұсынылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі елде жемқорлардың жазасын өтеу мерзімін ұзартуды ұсынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қағидаттық сипатта жаңа бастамаларды көтергелі отыр. Сондай бастамалардың бірі – жемқорлық жасаған адамның жауапкершілігін күшейту мәселесі. Біз жемқорлықтың ауыр және аса ауыр түрімен сотталған адамның жазасын өтеу мерзімін ұзартуды ұсынамыз», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры Айгүл Базарбаева онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Департамент директоры жемқорлардың сотталуына байланысты БАҚ-тағы мақалалар мен жарияланымдарға ылғи мониторинг жүргізілетінін айтып өтті.

«Жемқорлық қылмысымен сотталған адамның белгілі бір уақыттан кейін шартты түрде бостандыққа шығуы – қоғамның ызасын туғызатынын көрсетіп отыр. Халықтың пікірінше, бюджеттен миллиондап ақша жымқырған немесе өз лауазымын асыра пайдаланған адамға жазасын жеңілдету мүмкіндігі берілмеуі керек. Ол толығымен жаза мерзімін өтеуі тиіс», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар