Қазақстанда жеке операторларды құру барынша қиындатылды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік және жеке операторлардың қызметі реттелді және саны қысқартылды. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Келесі маңызды қадам – Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін реттеу болды. Өткен жылы 9 операторды қысқарту бойынша жұмыс жүргізілді, оның бесеуі ведомстволық бағынысты ұйым ретінде қалып отыр, төртеуі жекешелендірілді немесе қысқартылуға жатады. «Оператор РОП» ЖШС функциялары «Жасыл даму» АҚ берілді және қазіргі уақытта оператор бар, оның ішінде 2-уі жекеменшік», - деді С. Жұманғарин Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі алқасының отырысында.

Монополияға қарсы бесінші пакетте мемлекеттік монополия тетігін толықтыратын «арнайы құқық» институтын құру қарастырылған.

«Заң арқылы жеке операторларды құру процедурасы барынша қиындатылды. Бұған мемлекеттің 100% қатысуымен заңды тұлғаларды құру мүмкін болмаған жағдайларда ғана жол беріледі. Үкімет агенттікпен бірлесіп, жеке субъектілерге қатысты міндетті конкурс өткізу туралы талап бекітілген, операторларды айқындау тәртібін кемінде 5 жылда бір рет міндетті конкурс өткізу туралы талап бекітілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, бұл норма жеке операторларды құруға толық заңнамалық тыйым салу пайдасына қайта қаралатын болады», - деді С. Жұманғарин.

Бұған дейін Серік Жұманғарин Бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша заң аясында қандай жаңалықтар енгізілгенін түсіндірген еді .


Соңғы жаңалықтар