Қазақстанда жеке детективтік қызмет енгізіледі - Мәжіліс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Жеке детективтік қызметті енгізу жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен еркіндігін, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғауға бағытталған. Осыған байланысты заң жобасын қабылдаудағы мақсат еліміздегі жеке детективтік қызметті реттеу болып табылады. Бұл ретте құжатпен бірқатар ережелер қарастырылады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Әділет министрі Берік Имашев.

Оның айтуынша, заң жобасы бойынша жеке және заңды тұлғаларға жеке детективтік қызмет көрсетудің, осыған тапсырыс берушінің мүдделері мен құқықтарын қорғаудың негізгі міндеттері айқындалады. Адамдардың, заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерінің, конституциялық құрылысты, қоғамдық имандылықты бұзуға жол берілмейді. Құпиялылық пен лауазымды тұлғалардың жеке детективтік қызметіне араласпау қағидаттары да қарастырылады. Бұден бөлек, жеке детективтік қызметке тапсырыс берушінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты лицензияланатын қызметтер түрі де қарастырылады. Сонымен қатар, лицензия алатын адамдар үшiн бiлiктiлiк талаптары белгiленедi. Атап айтқанда, детективтерге құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттiк органдардың жедел немесе тергеу бөлiмшелерiнде кемiнде 15 жыл еңбек өтiлiнiң болуы, 35 жасқа толуы, соттылығының болмауы секілді басқа да талаптар қойылады.

Сонымен қатар, детективтiк iс-шаралардың түбегейлi болып табылатын тiзбесi (жеке әңгiмелесу, анықтамалар, мiнездемелер сұрату) енгiзiледі. Жеке детективтердiң қызметiн құқықтық реттеудi қамтамасыз ету үшiн олардың заңнама талаптарын орындауын бақылау бойынша уәкiлеттi органның құзыретi, сондай-ақ өзге де функциялар белгiленедi.

Соңғы жаңалықтар